Жолаушылардың жанайқайы. Жыры бітпейтін билет, мұңы бітпей пойыз

22 Шілде 2023, 09:00 8970

Әдетте жаз маусымы таяса, билет іздеп сабылып жүргендерді жиі кездестіреміз. Өйткені, жаз мезгілі басталысымен арлы-берлі жүріс көбейеді. Жұрт ел аралап, демалуға асығады. Ал пойыздарға билет жоқ. Ұшақ билетін екінің бірі ала бермейді. Себебі түсінікті, көбісінің қалтасы көтермейді. Биыл бұл мәселе тіпті ушығып тұр. Діттеген жеріне жете алмаған тұрғындар тарапынан арыз-шағым көбейді. Жолаушылар билеттердің бәрі алып-сатарлардың қолында деп отыр. Мәселенің мән-жайын El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі анықтап көрді.

Алдымен жолаушылар тасымалы ұсынған статистикаға көз жүгіртсек. Былтырғы жылы Қазақстанда пойыздармен 14,1 миллион жолаушы тасымалданса, оның ең көбі жазғы кезеңде 4,5 миллион адам қатынаған екен. Қыста бұл көрсеткіш 2,9 жолаушыны құраса, көктемде 3,4 миллион, күзде 3,3 миллион адамға жеткен. Ал биыл бұл көрсеткішті 4,3 миллионға жеткізу жоспарлануда.

Кешікпей келем деп едің...

Парламент Сенатының депутаты, өзі де бір кездері теміржолда еңбек еткен Геннадий Шиповских пойыздардың кешіге беруінің себебі теміржол желілерінің жүктемесінің көптігінен екенін айтады.

Бұл бағыттта жаңадан жолдар салыну қажет. Өйткені, қазіргі таңда жүк айналымы көп болғанымен, алайда өткізу мүмкіндік өте төмен болып тұр. Сол себепті жүк пойыздары бізге тиімді болғасын көп қатынайды. Одан кейін жолаушылар пойызы жүреді. Кешігуінің бірден-бір себебі осы жүк пойыздарына байланысты. Ал билеттердің жоқтығы мен алып-сатарлардың мәселесімен ҚТЖ ғана емес, басқада мемлекеттік органдар айналысу керек деп есептеймін, – дейді сенатор.

Яғни, депутаттың айтуынша делдалдарға тосқауыл қою үшін ішкі істер министрлігі, жол прокуратурасы тағы басқа мемлекеттік құзырлы органдар бірігіп жұмыс істеу тиіс.

Билет жетіспей сандалып жүрген қараша халықтың жанайқайының себебін сұрау үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеевке хабарластық. Ол бұл ақпаратты жоққа шығармады. Яғни, бүгінгі таңда кейбір бағыттар бойынша пойыз билеттерінің жоқтығы расталды.

Айтуынша, билеттерге сұраныстың артуы негізінен мереке күндері, жазғы және қысқы кезеңдерде көп байқалады. Олқылықтың орнын толтыру үшін ұлттық тасымалдаушы халықтың билеттерге деген сұранысын қанағаттандыра отырып «Күту парағы» қызметін іске қосқанын атап өтті.

Билет болмаған жағдайда жолаушы кезекке 7 күннен ерте емес және пойыз жөнелтілгенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы жеке кабинетте орындарды сатып алу қажеттілігі туралы ақпаратты, сондай-ақ SMS хабарлама алады. Бұл қызмет bilet.railways.kz сайтында жұмыс істейді. Сондай-ақ оны билет кассасында пайдалануға болады, – деді ол.

Десе де, жолаушылар 45 күн бұрын онлайн сатылатын билеттерді алып үлгермей жатыр. Кейбір бағыттар бойынша билеттер санаулы сағатта сатылып кетеді. Билеттердің бәрі алып-сатарлардың қолында деген ақпаратпен «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев келіспейді.

Бірақ билеттер 45 күн бұрын сатылымға шығады. Ол билеттер біздің кассамызға да және ТЖ сатуды көрсететін коммерциялық компаниялар үшін де жалпы қолжетімділікпен барлығына келіп түседі. Сондықтан оны делдардар ұстап отыр деп айтуға болмайды. Билеттерді сатып алу процесі ашық болғандықтан, билеттерді қайта сатумен байланысты заңсыз әрекеттерді жасау мүмкін емес. Болған күннің өзінде бұл мәселемен полиция айналысу қажет, – дейді баспасөз хатшысы.

Бүгінде электрондық билеттер жүйесін енгізудің арқасында онлайн-сатылымдардың үлесі қазіргі уақытта 70 пайыздан астам өскен. Жол жүру құжаттарын комиссиясыз ұлттық тасымалдаушының билет кассалары, билеттерді сату жөніндегі ресми портал Bilet.Railways.Kz және «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

Айта кету керек, бүгінгі күні қолданыстағы билеттерді сатудың электрондық жүйесі жетілдірілген және пайдаланушыларға билеттерді қайта рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Бізде «Ауыса отырып жол жүру» қызметі бар. Ыңғайлы сапар және уақытты үнемдеу үшін жүйе жолаушыға пойыздан пойызға ауыса отырып, межелі жерге барудың мүмкіндігін ұсынады. Онлайн-сервис қазірдің өзінде bilet.railways.kz сайтында және билет кассаларында іске қосылды, – дейді Нариман Дүйсекеев.

Билеттің бәрі «перекупщиктердің» қолында

Бұл мәселеге қатысты жолаушылар жылда қайталанатын жағдай деп налып отыр. Жаз басталып арлы-берлі жүріс көбейгенде жұрт билет таппай сандалады. Жағдай биыл тіпті ушыға түскен. Әр күні теміржол вокзалын торуылдап жүрген тұрғындар діттіген жеріне уақытында жете алмай, кассаларды «шығып қалар» деген үмітпен аңдып жүр. Тұрғындарды сөзге тартып, олардың қалай қатынап жүргенін анықтап, мән-жайды білдік.

Бүгінгі пойыздардың әбден тозығы жеткен. Ішіндегі желдеткіштері де істемейді. Сол баяғы 1970-1980 жылдардағы пойыздармен қатынап жүрміз. Оған көбіне қарапайым халық отырады. Ал жоғарыдағылар оны керек те қылмайды. Біз Алматыға бару үшін билетті екі ай бұрын қарадық. Мамыр айында алдық (шілде айының 7.07, қайту үшін 10.07). Сол кезде де билетті зорға таптық. Екі адамға плацкартқа алсақ та, жалпы құны 26 мың шықты, – дейді Астана қаласының тұрғыны Айғаным Елеуова.

Ол бастапқыда купеге алғысы келген екен. Бірақ төменгі орындар болмаған. Сөйтіп жүріп бүйірлік (боковой) орын табылған.

Купе алмағаным жақсы болды. Онсызда сол пойыздың іші ыстық, жағымсыз иістер көп. Жолсеріктер темекі шегеді. Ол иіс бізге келеді. Алматыдан қайтарда пойыз екі сағаттай қайта-қайта тоқтап, Астанаға 2 сағаттан астам кешігіп келдік. Бұл пойыз ішінде ыстықпен зорға сағат санап келе жатқан адамдарға жығылғанға жұдырық болды. Пойыздан шашымыз жабысып, су тер болып түстік. Бала-шаға бар, мазасызданып әрең жетеміз, – дейді қала тұрғыны.

Ал тағы бір жолаушы Медеу Нұсқабаев билет жоқ деп, пойыздардың кейде бос кетіп қалатынын айтып отыр. Сөйтіп, жолдан адам алады екен.

Билеттің бәрі қолда сатылымда жүр. Өте қымбат бағаға сатылады немесе бір күн қалғанда қайта қайтарылады. Бұның  бәрін реттеуге болады. Бірақ маусымдық кезеңді сылтау етіп, қолдан жасайды. Өйткені бізде тәртіп жоқ. Қарап қарның ашады, қашан дұрыс ел боламыз? Бұл тек темір жол саласында ғана емес, барлық жерде бар. Бір-бірімен сыбайлас және тамыр-таныстың дәурені жүріп тұр, – дейді ол.  

Шет мемлекеттерде жағдай қалай?

Мәселен Ресейде пойыздар кешіккен жағдайда жолаушылар өтемақы алады. Мысалы, егер пойыз станцияға 60-тан 119 минутқа дейін кешігіп келсе, жолаушыға билет құнының 25 пайызы қайтарылады. Егер сіз екі сағаттан артық күтуіңіз керек болса, жолаушыға жартысы қайтарылады. Ресейдегі теміржол көлігі әлемдегі ең ірі теміржол кешендерінің бірі.

Ал біздің елде пойызды күткен әр сағат үшін билет құнының 3 пайыз ғана өтемақы төленеді. Бұл тиын-тебеннің әр жақ, бер жағы болғандықтан ба әйтеуір тұрғындардың көбісі мұны пайдаланбайды.

Жапонияда пойыздардың нақты кестесі бар және кешігу сирек кездеседі. Жапониядағы теміржол қозғалысы жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, туристер арасында да ең танымал. Теміржол билеттерін интернетте брондау кезінде қызметтерді оңай пайдалануға болады. Бұл мемлекетте пойыздың түрін және оның класын анықтау өте маңызды саналады және барлық жолаушыларға бөлінген сәнді орындар бар. Көптеген пойыздарда жеңілдіктер қарастырылған. Олардың көмегімен ақшаны да үнемдей аласыз.

Жапонияда жылдамдығы сағатына 300 шақырымға дейін жететін әлемдегі ең жылдам пойыз бар.  Бұл ең жылдам ғана емес, сонымен қатар ең қауіпсіз. Пойыздардың келесі түрі – экспресс, баяу, бірақ бәрібір ыңғайлы. Сіз терезеден көріністерді жай ғана тамашалай отырып, дәмді кофе ішіп, жай армандай аласыз. Қызмет көрсетудің жоғары деңгейі және ыңғайлы орындықтар Жапониядағы барлық пойыздардың ерекшелігі болып табылады.

Тіпті ең бюджеттік пойыз да сапалы және қызмет көрсету деңгейі жоғары болады. Қала билігі жыл сайын теміржол пойыздарының деңгейін көтереді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: