Жол сақшысының бір күні

10 Наурыз 2020, 17:28 6255

Жол полиция қызметкерінің жұмысы

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтап қана қоймай, жол қозғалысын реттеп, жауапсыз жүргізушілерді сабасына түсіріп, жолдағы түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашуда аянбай қызмет етуші – жол полиция қызметкерлері. Олар күннің ыстық-суығына қарамай, жолдағы келеңсіздікті қадағалап, ереже бұзушыларды тәртіпке шақырып отырады.

Біз жол сақшыларының бір күндік қызметімен таныс болу үшін Нұр-Сұлтан қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің Сарыарқа аудандық Полиция басқарамасының жол сақшылары, полиция аға лейтенанттары Нұрболат Мақсатұлы мен Қайыржан Құттыбаевпен кездесіп, әңгімелестік.


Жол полицейлері өз қызметіне кірісу үшін таңмен таласа ұйқыдан оянады. Бірі таңғы сағат 5-те тұрса, бірі сағат тілі 6-ны көрсеткенде таңғы жиынға асығады. Н.Тілендиев даңғылында орналасқан Патрульдік полиция полкіне келген бойда қару-жарақтарын, одан кейін бейне тіркегіштерін алады. Осылай сағат 6:30-да басталатын таңғы сапқа сақадай сай болады. Таңғы жиында әр ротаның инспекторларына міндеттемелер қойылады.

Бүгін біз таңғы жиында кешегі жұмыс күнінде болған әкімшілік-құқық бұзушылық пен орын алған қылмыстар туралы айттық. Өз жұмысымыздың жалпы қортындысы туралы басшы құрамға баяндаймыз, – деді полиция аға лейтенанты Нұрболат Мақсатұлы.


Одан кейін жол сақшылары шамамен сағат 7-ден 10-15 минут кеткенде орталықтан шығып, өздерінің бағыты бойынша жүріп отырады.

Біз Талас-321 бағытымен жүреміз. Жанымдағы серігім, аға лейтенант Нұрболат Мақсатұлы екеуміз Көктал-1, Көктал-2, Дачный общество полянка аумақтарын аралаймыз. Сағат таңғы 8:00-де болғанда Д.Бабатайұлы көшесіндегі №40 орта мектептің жанына барып тұрамыз. Ондағы біздің мақсатымыз – таңғы бірінші ауысымдағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.


Одан кейін жол полициясы инспекторлары орталыққа байланысқа шығып, өз бағыттарын анықтайды. Осылай жол сақшыларының қызметі басталады.

Күніне орталықтан әр түрлі шақыртулар келіп түседі. Күндізгі ауысымда жұмыс істегенде шамамен 5-6 шақырту түссе, түнгі уақытта шақыртулардың саны арта түседі.


Жол полиция инспекторларының айтуынша, күндізгі уақытта көбіне отбасылық жанжал, көршісімен ұрыс-керіс немесе мас күйінде көшеде қалып қойған адамдарға байланысты шақыртулар келіп түседі. Кей кездері тонау, ұрыс-керіс, төбелес пен жанжалға қатысты да шақыртулар болып тұрады.

Біз күндізгі ауысымда жүргендіктен, жол ақысының, мейрамханалар мен асханаларда есептің төленбегені жөнінде шақырту келіп жатады. Жалпы шақырту әр түрлі деңгейде болады. Биыл елімізде қар қалың болды. Сол қардың астында көлігі қалып қойғандардан, жолдан шыға алмай қалғандардан шақыртулар көп болды. Барлығына көмектесуге тырыстық.


Жол сақшылары екі ауысыммен қызмет етеді. Олар бір ай түнгі ауысымда, бір ай күндізгі ауысымда болады. Таңғы ауысым таңертең 6:30-да басталып, кешкі 8-ге таман аяқталады. Кешкі ауысым уақыты 18:30-дан таңға дейін созылады.


Инспекторлармен бірге жүргенде орталықтан Тілендиев даңғылының бойында бір адамның бет-аузы қансырап, 102-ге хабарласқаны туралы хабар келіп түсті. Біз де жол сақшыларының көлігіне отырып алып, полицейлермен жедел түрде сол шақырту түскен орынға бардық. Бағдаршамның қиылысында екі әйел мен бір жас жігітті көзіміз шалды. Полицейлер мән-жайды сұрастырып жатқанда, жедел-жәрдем қызметкерлері де келді. Әлгі егде жастағы әйел қатты тайғақта сүрініп, ет-бетімен құлаған. Содан бет-аузын оңдырмай, жарақаттап алған екен. Полицейлер тез арада әйелді жедел-жәрдем көлігіне жеткізіп салды.

Осындай шақыртулар қыс мезгілінде жиі кездеседі. Оған себеп – көктайғақ. Біз қала тұрғындары мен қонақтарын үнемі жолдан өткенде абай болуға шақырамыз. Жалпы, халықтың бізге деген көзқарасы жақсы. Бұл бізді қуантады. Көп азаматтар алғысын білдіріп жатады. Биылғы қыстың өзінде, бірнеше азаматтан алғыс хат алдық, – деп қуанышпен жеткізді Нұрболат Мақсатұлы.


Келесі шақырту Көктал-1 аумағынан келіп түсті. Ондағы себеп, қарларды тиеген бірнеше КамАЗ көліктерінің жол бойында тұрып қалғаны. Қаладан тазалаудан шыққан қарларды қар палигонына апарып төкпек болған КамАЗ-дарды сол жерге жақын маңайдағы ауылдың тұрғындары наразылық білдіріп, көліктерді кіргізбей, біршама уақыт ұстады. Олар көктем мезгілі келгенде ауылды су басатынына наразылық білдірді. Халықтың шағымын тыңдап, тыныштандыруға тырысқан полицейлер Жергілікті полиция қызметкері мен учаскелік полиция инспекторын және Әкімдіктен азаматтарды шақыртты. Олар келген бойда инспекторлармен бірге жүргізушілердің құжаттарын тексеріп, жол қозғалысында орын алған құқық бұзушылықтарды бақыладық.

Біздің мақсатымыз – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Жаяу жүргіншілер мен көлік иелері кей кездері біздің негізгі міндетімізді басқаша түсініп жатады. Соған дұрыс көзқараспен қараса екен дейміз. Жол ережелерін бұзған жүргізушілерге салынатын өзіндік айыппұл көлемі бар. Мысалы, телефонмен сөйлесу 5 АЕК, қауіпсіздік белбеуін тақпау 5АЕК, қызыл бағдаршам нұсқауын өткендерге 10 АЕК айыппұл салынады. 1 АЕК 2651 теңгені құрайды. Жол көлік оқиғаларының көбеюінің негізгі себептері жүргізушілер рөлде отырып телефонмен сөйлеседі. Кей кездері басқа нәрсеге алаңдаудан, қызыл бағдаршам нұсқауына өткеннен және арақашықтық сақтамағаннан болады. Кейбір жүргізушіліер бастапқы көлікті өткізбейді. Айта берсек, себеп өте көп.


Нұр-Сұлтан қаласы ПД-нің берген мәліметінше, жыл басынан бері Жол полиция қызметкерлерінің бақылауымен 12200 әкімшілік құқық бұзушылық орын алған. Бұл – 2020 жылдың қаңтар, ақпан айларындағы көрсеткіші. Оның ішінде мас күйінде көлік жүргізген 65 автокөлік жүргізушісі ұсталған. Ал көлік жүргізіп келе жатып, ұялы телефонды қолданған азаматтардың саны – 315-ті құраған. Жылдамдықты асырған азаматтардың саны – 9321. Жүк көліктерін жүргізген, қауіпсіздік белбеуін тақпаған және мото шлемдерін кимеген 648 азамат анықталса, бағдаршамның, жолдың тыйым салынған жерлерінен өтіп кеткен 248 жүргізуші ұсталған. Ал жолдағы жаяу жүргінші мен өзге де жол қауіпсіздігін сақтамаған азматтардың саны-432-ні құраған.

Осы жылдың 20 ақпаны күні әріптесім, полиция аға лейтенанты Құттыбаев екеуіміз «Қылмысқа жол жоқ» профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында Дачный Общество Полянка көшесінің бойында сағат шамамен 16:35-те күдікті автокөлік жүргізушісін байқадық. Көліктің соңынан жүріп отырып, 2001 жылғы жас жігіттің химиялық есірткі затын таратып жатқан жерінен ұстадық. Арнайы есірткіні тәркілейтін топты шақыртып, екі куәгердің көзінше есірткіні тәркіледік. Нәтижесінде 60 дана химиялық «альфа» деген аса ірі көлемде есірткі анықталды. Сол күні жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды. Үлкен көлемді есірткі затын тарату ісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 296 бабының 4 тармағы бойынша жас жігітке қылмыстық іс қозғалды.

Жол инспекторларының айтуынша, мұндай аса ірі көлемдегі есірткіні анықтау бірінші рет орын алыпты. Ал күнделікті қызмет барысында кей кездері мұндай химиялық есірткіні анықтау жиі кездеседі екен. Бірақ, олардың көлемі азырақ.

– Қазіргі кезде жастардың көбісі синтетикалық химиялық есірткі пайдаланады. Бұл да қоғамдық мәселеге айналып барады. Есірткіні пайдаланған, таратқан азаматтарға қатаң жаза қолданады. Бірақ, жастардың көбі мұны түсіне бермейді.


Жол сақшылары үнемі жол қозғалысын қадағалап отырады. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласы ПД және Полк полициясының бастамасымен көптеген профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Олар: «Жол қауіпсіздігі», «Қылмысқа жол жоқ», «Допинг», «Автобус» және т.б.

Жол полицейлері жүргізушілерді себепсіз тоқтатпайды. Егер құқық бұзушылық орын алған жағдайда, өздерін таныстырып, тоқтату себебін айтып түсіндіреді. Содан кейін ғана құқық бұзушылық анықталған жағдайда, хаттама толтырылады.


Бір күні әдеттегіше орталықтан шақырту келіп түсті. Сарыарқа ауданындағы мейрамханалардың бірінде жаппай төбелес болып жатыр деген шақыртуға тез арада бардық. Мейрамханының ішінде ішімдікке тойып алған бірнеше қыз сол жердегі ер азаматпен жанжалдасып жатыр екен. Тентек суға сылқия тойып алған арулар ешкімге көнер емес. Мейрамхана қонақтарының берекесін алған қыздарды көлікке отырғызып, наркологиялық орталыққа, одан бөлімшеге апару қиынға соқты. Олар қарсылық білдіріп, бейне тіркегішімізді сындырып, жұлқылап, теуіп, әуреге салды. Одан қалса, бізге жала жаба бастады. Бірі ақшамызды алып қойдыңдар деп, екіншісі сол жерде ауырып тұрғанын айтып, жерге жатып алды. Жедел-жәрдем шақырып, жартысын бөлімшеге әрең дегенде алып кеттік.

Полиция аға лейтенанттары өз қызметін жақсы біледі. Бірі ішкі істер органдарында үш жыл қызмет етсе, екіншісі жеті жылға жуық жұмыс істейді. Өз қызметін жақсы көретін сақшылар осылайша бізге өз тәжірибиелеріндегі түрлі оқиғаларымен бөлісті. Содан кешкі сағат тілі 7-ден асқанда көліктерін орталыққа бағыттады.

– Біз орталыққа барып, қаруымыз бен бейне тіркегіштерімізді тапсырамыз. Кешкі жиында басшы құрамға атқарылған жұмыс, толтырылған хаттама бойынша есеп береміз. Одан кейін кешкі ауысымдағы қызметкерлермен ауысамыз, – деді инспекторлар.

Осылайша, біз өз ісіне шынайы берілген қызметкерлер, қызметтің қиындығына қарамастан, қоғам тыныштығын қадағалауды басты борышы санайтын жол полиция қызметкерлерінің бір күндік қызметімен таныс болдық. Мамандығын мақтаныш тұтатын инспекторлар бұдан әрі де халық қауіпсіздігі үшін еңбек етпек. Жас та болса, бір үйдің отағасы, халқының қорғанына айналған жол сақшыларының қызметіне жеміс тілеп қоштастық.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: