Жол жөндеу жұмыстарын жеделдету керек – Көлік вице-министрі

6 Қыркүйек, 18:07 482

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне қатысты мәселені көтерді. Осы ретте Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев аталған мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент халыққа жолдауында автокөлік жолдарының жай-күйі бүгінде өзекті мәселе болып отырғанын айтқан еді.

Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ екенін де тілгі тиек етті.  

Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек, – деді ол.

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев қазіргі таңда Қазақстандағы жолдың жағдайы қандай екенін айтты.

Жергілікті жолдардың 87 пайызы, ал республикалық жолдардың 92 пайызы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Кейбір жолдар 20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Олардың жағдайын дұрыстауға жылдамдатып кірісу керек, – деді ол.

Сәтжан Аблалиевтың сөзінше, соңғы 20 жылда республикалық жолдардың жақсаруына үлкен инвестициялар салынған.

Жолдарды жөндеу кезінде жөндеуаралық мерзімін сақтауға көп көңіл бөлу қажет. Оларды әр 5 жыл сайын орташа жөндеу, екінші бесжылдықтан кейін тағы бір орташа жөндеу, 15 жылдан кейін күрделі жөндеу жұмысы жасалуы тиіс. Кейбір кезде қаржының тапшылығына байланысты осындай жұмыстар жасалмай қалады. Ол бұрын салған инвестицияны тиімсіз пайдалануға әкеп соғуда, – деді ол.

Көлік вице-министрі Жолдауда айтылған 10 мың шақырым жолға орташа деңгейде жөндеу жұмысын жүргізу – көлік саласындағы бір үлкен серпіліс болатынын атап өтті.

Осы тапсырманың аясында біздің елімізде қажетті жөндеу жұмыстары жасалады, – деді Сәтжан Аблалиев.

Вице-министр алдағы уақытта арнайы цифрлық платоформа арқылы жолдың салыну графигін бақылап отыратынын айтады.

Салынып жатқан жолдардың тиісті деңгейде сапалы болуын бақылаймыз. Бұл платформаға тек тапсырыс беруші, мердігер ғана емес, сонымен қатар жол пайдаланушылары да кіріп, әрбір жолдың қашан, қалай жөнделіп жатқанын бақылауына жағдай жасаймыз деп ойлаймын, – деді ол.

Сәтжан Аблалиевтың айтуынша, мемлекет басшысы Жолдауда инфрақұрылымның дамуына ерекше көңіл бөлді. Президент алдағы жасалып жатқан жұмыстардың бәрі келер ұрпаққа, елдің экономикасына үлкен жобалар арқылы жақсы инфрақұрылымды қалдыру керек екенін атап өткен.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: