Жол қауіпсіздігі бойынша жүргізушілерге арналған семинар өтті

2 Шілде, 15:53 705

Алматыда жүргізушілерге арналған білім беру семинары өтіп, оған қалаішілік, қалааралық және жүк тасымалдары сервисінің 160 серіктес жүргізушісі қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл іс-шара жақында inDrive, ҚР Көлік министрлігі және ҚР ІІМ арасында жасалған үшжақты меморандумды іске асыру аясында өтті. Бұл – жол қозғалысы ережелерін сақтау, пайдаланушылармен қарым-қатынас ережелері және қалааралық трассалардағы қауіпсіздікті сақтау тақырыптары бойынша жыл басынан бері жоспарланған тренингтердің алғашқысы.

ҚР ІІМ мәліметі бойынша, 2023 жылы Қазақстанда 23 мың жол-көлік оқиғасы (ЖКО) болды, оның 50%-ы қала сыртындағы трассаларда болған. Барлық ЖКО-ның 25%-ы жылдамдықты шаматыс тыс асырудың салдарынан, сонымен қатар 5%-ы автокөліктердің техникалық күйінің тиісті талаптарға сай болмауынан болған.  

Жол қауіпсіздігі және қызмет көрсету сапасын жақсартуға арналған семинарда жол сапарларын барлық пайдаланушы үшін қауіпсіз етудің жолдары айтылды. Іс-шара ойын түрінде, яғни викторина түрінде өткізіліп, жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрады. Жеңімпаздарға: бірінші орынға ­– 300 мың теңге, екінші орынға – 250 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге берілді. Сондай-ақ басқа да ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Жүргізушілер ара қашықтық пен жылдамдық режимін сақтау, маневр жасау ережелері бойынша сұрақтарға жауап берді.

Меморандумның мәні – жол жүру ережелерін сақтауға көмектесетін шараларды біртіндеп енгізу. Мысалы, жылдамдық режимін жиі бұзатын жүргізушілер уақытша немесе тіпті түбегейлі жұмысынан шеттетілуі мүмкін. Сондай-ақ, жүргізушілерге автокөліктерінің техникалық жағдайын тексеру керек екені де ескертілетін болады, – деді Алматы қаласы бойынша көлік бақылау инспекциясының бас маманы Абылай Мамбеталиев.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: