Жол-көлік оқиғасына кінәлі автобус жүргізушісіне хаттама толтырылды

11 Қараша 2022, 15:24 2028

Бұған дейін жүргізушіге қатысты жол-көлік оқиғасы фактісі тіркелмеген

Астана қаласындағы Жеңіс даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында 31-ші және 25-ші бағыттағы автобус арасында жол-көлік оқиғасы орын алды. Осыған қатысты астаналықтар әлеуметтік желіде өз наразылығын білдіруде, деп хабарлайды  El.kz.

«Қоғамдық көлік қауіпсіздігі бізде айрықша өзекті. Қаншама жағдайын жасаса да халықты тасымалдайтын көлік тізгініне кездейсоқ (жауапкершілігі төмен) адамдар көп отырады. Алматыда бұл жағдай тіпті қиын», – деді тұрғын.

Бұл мәселеге қатысты көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары Қабиболла Райымбек жауап берді.

«Жол-көлік оқиғасы ауа-райының күрт нашарлап, жол бетінің тайғақ болуынан орын алды. Оқиға бойынша 31-ші автобус жүргізушісі кінәлі деп танылды. Ол жолдың тайғақ екенін біле тұра арақашықтықты сақтамаған. Автобустардың тек сыртқы бөлігіне зақым келтірілген, зардап шеккендер жоқ. Астана қаласының полиция департаментінің қызметкері 31-ші бағыттағы автобус жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырды», – деді ол.

Қабиболла Райымбектің сөзінше, кінәлі деп танылған автобус жүргізушісі біліктілік арттыру орталығына жолданатын болады. Бұған дейін жүргізушіге қатысты жол-көлік оқиғасы фактісі тіркелмеген.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: