Жол апатынан өлім-жітім ең көп тіркелетін өңірлер аталды

12 Маусым 2023, 11:35 804

Республикалық жолдардағы жарақаттану деңгейінің жоғары болуы азаматтардың жеке трагедиясымен қатар елімізге орасан зор экономикалық зиян әкеледі. Бұл туралы баспасөз брифингінде ІІМ өкілі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жалпы апаттылықтың төмендеуі байқалады. Соған қарамастан, жекелеген өңірлерде жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Күн сайын еліміздің жолдарында 10-ға дейін адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақатын алып жатыр. Бұл статистика жол-көлік оқиғаларына, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің немқұрайлығы мен жеке тәртіпсіздігі ықпал ететіндігін көрсетеді, – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Баспасөз брифингінде ол жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп, қарсы жолаққа шығып, жол ережесін бұзған кезде әр адам ең алдымен өзін және айналасындағы адамды ойлауы қажет екенін айтты.

Республикалық маңызы бар жолдарда өлім-жітім өзекті болып отыр. Бұл жерде жол-көлік оқиғасындағы барлық өлімнің жартысы тіркеледі. Өз кезегінде бұл 48 пайыз немесе 666 жағдайдың 318-ін құрайды. Қала сыртындағы жолдарда өлім-жітімнің ең көп өсуі Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді, – деді ол.

Сондай-ақ ол 2023 жылдың 9 маусымында Жамбыл облысында Алматы-Ташкент автожолында «Лексус» маркалы автокөлігінің жүргізушісі рульге ие болмай, жолдан шығып кетіп аударылғанын айтты. Апат салдарынан жүргізуші мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмып, тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілген.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: