Жоғалған 100 жылқының артында ұйымдасқан қылмыстық топ жатқан жоқ па? Полиция неге сылбыр?

20 Тамыз, 12:33 8167

«Жұттан қырылды» деген жылқышының сөзіне сенер-сенбесін білмей, 74 бас жылқысынан бір сәтте көз жазып қалған Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Байдалы би ауылының тұрғыны Толқын Әбжанұлы құзырлы органдардан әділдікті талап етіп жатыр. Ауылдағы әкесінің жоғалған жылқысын іздеуге қызы, ақын, журналист Танакөз Толқынқызы бел шеше кіріскен. Аталған істің мән-жайын El.kz тілшісі анықтап көруге тырысты.

Із-түзсіз жоғалған үйір-үйір жылқының 10 шақтысы ауыл адамдарының қорасынан табылған. Бұл туралы жоғалған жылқының иесі Толқын Ілясовтың қызы, танымал журналист Танакөз Толқынқызы жеткізді.

Қызы әке-шешесінің өте қарапайым, қоңыр тіршілік кешетінін айтады.

Ешкімнің көзіне байлығымен, мүлкімен жынына тимеген адамдар. Осы 2024 жылы басымызға үлкен бір күрделі іс түсті. Менің әкем сиыр да, қой да, ешкі де ұстап, жылқы да баққан адам. Осы уақытқа дейін әкем бірді екеу, екіні төртеу етіп көбейткен жылқы басы 105 басқа жеткен еді. Бұған дейін бұл жылқыларды менің шешемнің туған бауыры Ғазым Қалжанов баққан. Ол кісі 48 жасында көз жұмып, содан кейін малға балалары ие болып қалды. Үлкен мал басына ие бола алмайтын болған соң, олар 2021 жылы біздің малды аман-есен өзімізге қайтарды, – дейді Танакөз Толқынқызы.

Күдікті кім?

Осылайша, мал иелері олардың бұл шешіміне құрметпен қарап, рақметін айтып, жылқысын санап алады. Олардан соң жылқыны тағы бір ауылдың жылқышыларына қосады. Сол уақытта Берікбол Кәрібаев деген жылқышы пайда болған. Танакөздің сөзінше, бұл адам кезінде анасының оқушысы болған көрінеді.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Менің шешем ол адамға бастауыш сыныпта қаріп танытқан. Ән айтқызуды үйреткен, сөйтіп өзінің әлпештеп тәрбиелеген оқушысы. Сол себепті оқушысы болған оған сеніп, жылқы бақтырған шығар. Осылайша, «марқұм Ғазымның балаларымен қосылып соған көмекші болып, жылқы бағамын, сол жылқылармен бірге сіздің де жылқыңызды бағып беремін» деп әке-шешемнің 105 жылқысын 2021 жылы санап тұрып айдап әкетеді, – дейді Танакөз.

2022-2023 жылдары журналист ата-анасына денсаулығына байланысты ота жасалғанын, сол жылдары «мал емес, жан қайғы» боп кеткенін айтады. Осындай бір күрделі кезеңдерді пайдаланған жылқышы арам ойын іске асыра бастаған деп санайды.

Мәселен алғашқы жылдары ол жылқының өсімін бермей қойды. Мысалы, 80 жылқыдан 11-ақ құлын ерді деген сияқты. 2024 жылы менің әкеме «сіздің жылқыңыздың бірде-біреуі тірі емес, бәрі жұтта қырылып қалды» деді. Біз мұндай ақпаратқа дайын болған жоқпыз, кәдімгідей есеңгіреп қалдық. 2024 жылы әкеміздің 70 жылдық мерейтойын жасаймыз деп, 7 шілдеде бір ай бұрын билет алып дайындалып жатқан кезіміз болатын, – дейді журналист.  

Он шақтысы ауыл адамдарының қорасынан шыққан

Тура әке-шешесі Алматыға жол жүретін кезде (3 шілде жол жүрсе) – 2 шілдеде ауыл арасына «сіздің жылқыларыңыз осындай кісілердің үйінде жүр» деген сыбыс жетеді. Журналистің анасы өзінің ауырып жатқанына қарамастан, ауылдың учаскелік полициясын ертіп, жаңағы үйлерді аралайды. Расында да өздеріне тиесілі (Т-таңбалы, құлағында ойығы бар) құлынды жылқы 5 үйден шығады.

Айта кетейік, кейбір жылқыларда МД деген таңбамен бірге Т деген қосымша таңба бар. Олар алғашқы үйір болғандықтан бұрынғы таңбасы болған. Ал қамшылар жағында – құлағы ойық, бұл – ені. Көпшілігі – күрең биелер, күрең-қасқа, көк биелер де бар, қара-сұр аралас. Негізінен күрең биелер көп екен.

Малды сатып алған бес адамның біреуі Жаңаарқа ауданында сотта істейді. Бұл жылқылар сізге қайдан келді десек, «сіздің жылқышыңыз Берікбол Кәрібаевтан сатып алдық» деген. Анам «ол неге Берікболдан сатып алады? Біз ауылда отырмыз? Бізден сатып алмай ма? Ақшасын бізге бермей ме» деген сияқты ойлар мазалаған соң, ауданнан тергеушілер шақырады. Олар фото-видео айғақтар жасап тіркейді. Солардың көбісі Берікболдан алса, ал екінші бір үй ауылдың полициясынан сатып алған, – дейді Танакөз Толқынқызы.

Осы ретте жәбірленушіге қылмыстың артында ұйымдасқан үлкен қылмыстық топ жатқан жоқ па деген ой келгенін алға тартты.

Біз оны жұттан қырылып қалған шығар деп жүрсек, жылқышы оны шімірікпестен ауыл адамдарына сатқан. Әкем шырылдап «жылқы жоғалды, әр жоғалған жылқыға 100 мың теңге сүйінші беремін» деп хабарлаған. Сонда ауыл адамдары әкемді шырылдатып қойып, түк білмеген түр жасап, әкемнің жылқыларын қорасында ұстап отырған. Бір жылқыны 1 миллион теңгеден есептесең, 100 миллион теңге. 11 тамызда 6-үйден тағы екі жылқымыз табылды. Шүленбай жайлауында біздің 6 жылқымыз жүргенін ауыл адамдары жеткізді, – дейді ол.

Бірақ тергеушілер соларды іздеп барып, акт толтырып, тексеру жұмыстарын жасауға бармай қойған. Тексеруге қақымыз жоқ деп айтатын көрінеді.

Жылқының иесі Толқын Ілиясов 2024 жылы қаңтар айында 7 бас жылқы сойылып, 94 бас жылқы қалғанын, ақпан айында 20 бас жылқыны Берікбол Кәрібаев үйге әкеліп бергенін айтады.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Оның ішінде 12 бие, 2 айғыр, 1 байтал мен 5 жабағы бар. Ал қалған 74 бас жылқыны жайлауда, Қаражал жақта жүргендіктен әкеле алмадым деді. Сонымен қатар барлық жылқы түгел деп наурыз айына дейінгі ақысын толық алып кетті. Одан кейін мамыр айына дейін жылқылар жайлауда жүр деп алдап келді, бірақ сәуір айында ауыл жылқышылары сыртта қалған, жоғалған жылқыларды іздеуге шыққанда, Берікбол олармен бірге менің жылқымды іздемей ауылда жүрді, – дейді иесі.

Ал Елдос Қалжановпен сөйлескенде Берікболдың күзде жүз жылқыға жетпейтін, аз ғана жылқы баққанын білген.

Осы жоғарыда айтқандарымның негізінде Берікбол Кәрібайдың үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрап «Ұлытау облысының Полиция департаменті Жаңаарқа ауданының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 02.07.2024 жылы арыз жазған болатынмын. Арыз тіркеліп, қылмыстық іс қозғалып, тергеуші ретінде полиция аға лейтенанты А.Ж.Томабай тағайындалды. Енді осы іс бойынша тергеу амалдары тым баяу жүргізіліп жатыр, – дейді Толқын Ілиясов.

Мал иесі жылқыларды сатып алған азаматтардың, куәлардың барлығынан әлі жауап алынбағанын, табылған жылқылар айғақ зат ретінде әлі тіркелмегенін, ауыл тұрғындарының басқаларында да өзінің жылқысының болуы мүмкін екенін айтып, ауыл жылқыларын толық тексеруді сұраған өтініші әлі орындалмағанын жеткізді.

Отбасы мүшелері осы айтылған негіздерде жылқышы Берікбол Кәрібайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі бақылауға алуын сұрайды.

Күдікті деп танылған

Тәуелсіз журналист Танакөз Толқынқызы жұтта қырылып қалды деген жылқылардың он шақтысы ауыл адамдарының қорасынан шыққанын, бес үйден табылғанын, олардың тізімі де барын айтты. Біз күдікті деп танылған сол азаматтарға хабарласып, мән-жайды анықтап көруге бел будық.

Байдалы би ауылының тұрғыны, А.М. есімді азамат:

Мен Ілиясовтан да, жылқышыдан да мал алған емеспін. Тек әкемнің бауыры сатып алған 1 бас жылқы менің үйімде болғандықтан, бұл іске мені араластырып жіберді. Қылмыстық іске ешқандай қатысым жоқ.Тергеушіге түсініктеме жазған болатынмын. Мені мазаламаңыздар, – деді ол.

Мал иелері құқық қорғаушылардан ешбір көмек болмай жатқанын айтады. Ал аудан мен облыс полициялары бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын айтып, қысқа қайыруда.

Іске қатысты құзырлы органдардың жауабы

Бұл мәселе бойынша Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Әсет Аманжоловқа хабарласқан едік, әкім орынбасары қылмыстық іс бойынша аудандық полиция бөлімі айналысуда екенін, тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты.

Әкім орынбасарынан мардымды жауап ала алмаған соң Ұлытау облысының Полиция департаментіне жүгіндік. Өкінішке қарай, бұл жақтан да мәселеге қатысты мардымды жауап болмады.

Бұл қылмыстық іс Ұлытау облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасының өндірісінде тергелуде. Департамент басшысының жеке бақылауында. Қазіргі уақытта департаменттің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған тергеу тобы жан-жақты тергеу амалдарын жүргізуде, – деп облыстық Полиция департаменті жауапты қысқа қайырды.

Ішкі істер министрлігі де дәл осы жауапты ұсынып отыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: