Жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың саяси-құқықтық қамтамасыз етілуі

15 Мамыр 2015, 05:36

Мемлекеттің саясаттың қай саласы болмасын белгілі бір нормативтік-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, сол секілді білім саласында да осы саланы реттейтін белгілі бір нормативтік құқықтық актілер бар.

Мемлекеттің саясаттың қай саласы болмасын белгілі бір нормативтік-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, сол секілді білім саласында да осы саланы реттейтін белгілі бір заңдар, жарғылар, ережелер, халықаралық келісімдер және сол секілді ресми, заңды күші бар құжаттар бар. Мұндай құжаттардың кез келген елдің білім жүйесінен алатын орны ерекше, себебі осы заңдар білім жүйесін толықтай реттеп, олардың даму бағытын анықтайды.

Ең алдымен білім саласындағы әлемнің барлық елдеріне ортақ заңнамалардан, халықаралық конвенциялардан бастайық. Халықаралық білім заңнамаларындағы негізгі құжат 1948 жылдың 10-шы желтоқсанындағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтары жөніндегі Жалпыға ортақ Декларация болып табылады. Ол құжатта білім мәселелері 3 ережеден тұратын арнайы статьяда көрсетілген.

Біріншіден, адамның білім саласындағы құқықтары айқындалып, бастапқы және жалпы білім берудің ақысыздығы, бастапқы білімнің міндеттілігі, техникалық және кәсіби білімнің қолжетімділігі жөніндегі ереженің ерекшелігі анықталады.

Екіншіден, тұлғаның дамуындағы, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы, қоғамдық прогресс пен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі білімнің позитивті бағыты айқындалады.

Үшіншіден, баланың білім түрін таңдау кезіндегі ата-ананың басымдылығы көрсетіледі. Жалпы алғанда, Декларация мемлекеттер мен халықтар арасындағы білім мәселелері жөніндегі келешектегі келісімдердің саяси-моральдық негіздерін салды.

Білім, ғылым, мәдениет және ақпарат саласындағы жаһандық және аймақтық халықаралық-құқықтық актілерді жасау құқығына ие әлемдегі жалғыз ұйым ЮНЕСКО болып табылады.

Білім саласындағы соңғы онжылдықта ЮНЕСКО қабылдаған барлық халықаралық құжаттарды келесідей құрылымдарға бөлуге болады:

1) Білім саласындағы кез келген формадағы дискриминация саясаты мен тәжірибесін жою, мысалы, «Білім саласындағы дискриминациямен күрес жөніндегі конвенция» (1960);

2) Бейбітшілік, халықаралық өзара түсіністік, демократия мен гуманизм, адам құқықтарын сыйлау рухында тәрбиелеу;

3) Сәби құқықтарын қорғау, білім саласы қызметкерлерін кәсіби және әлеуметтік қорғау, мысалы, «Мұғалімдер жағдайы жөніндегі ұсыныстар» (1966);

4) Білім беруде халықаралық ынтымақтастықты дамыту, оның жекелеген салаларын ұштау, осы саладағы халықаралық статистика мен есептіліктің пайда болуы, мәселен, «Техникалық және кәсіби білім жөніндегі конвенция» (1989), «Ересектерге білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстар» (1976), «Білім саласындағы статистикалық мәліметтерді халықаралық стандарттау жөніндегі ұсыныстар» (1959), оқу курстарын мойындау жөніндегі аймақтық конвенцияла, ғылыми атақ және білім жөніндегі құжаттар және т.б.

Қамту масштабы бойынша білім саласындағы ЮНЕСКО қабылдаған нормативті құжаттарды екі топқа бөлуге болады: жаһандық және аймақтық.

Жарты ғасырдан ұзақ өмір сүріп келе жатқан ЮНЕСКО білім саласын интеграциялауды дамытудың негізін қалады. Білім берудегі мемлекетаралық әріптестік саласындағы ЮНЕСКО қызметінің құқықтың принциптері «Бейбітшілік және әріптестік, халықаралық өзара түсіністік рухында тәрбиелеу жөніндегі» ұсыныстарында көрініс табады:

а) барлық деңгейде және барлық түрде білім берудегі халықаралық аспект және жаһандық перспектива; 

б)  барлық халықтарды, олардың мәдениетін, өркениетін, құндылықтарын және дәстүрін сыйлау және түсіну;

в) халықтар мен ұлттардың жаһандық өзара тәуелділігінің өсіп келе жатқанын мойындау;

г) өзгелермен қарым-қатынас жасай білуге деген қабілет;

д) жеке тұлғаларға, әлеуметтік топтарға, халықтарға тиесілі құқықтарды ғана білмей, сонымен қатар міндеттерді де білу;

е) халықаралық ізеттілік пен әріптестіктің қажеттілігін түсіну;

ж) жекелеген тұлғаның өз қоғамының, елінің және бүкіл әлемнің мәселелерін шешуге дайын болуы.

Жоғары білім саласындағы саясаттың негізгі принциптері 1998 жылдың қазан айында Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік Конференцияда анықталды.  Оларға жататындар:

Аталған принциптер мен оларды тудыратын шарттар жалпы адамзаттың білім алудағы қажеттілігі тұрғысынан әлемдік қауымдастықтың барлық елдеріне ортақ. Бұлар білім процесін реттейтін халықаралық органдар мен ұйымдардың шешімдерінде көрсетілген.

Ал Қазақстанның білім жүйесіндегі заңнамаларын қарастыру үшін, міндетті түрде КСРО кезіндегі нормативті құжаттарды зерттеуіміз керек, оның себептері өте көп. Бірінші себеп: қазақ елі 70 жыл бойы КСРО құрамында болды; екінші себеп: дәл осы кезде жаппай сауаттандыру басталды; үшінші себеп: жоғары білімнің негізі де осы жетпіс жылдыққа кезеңге келеді, төртінші себеп: кеңестік ғылым әлемдегі ең мықты ғылым болды.

Кеңес Одағының «Халықтық білім беру туралы» заңы 1924 жылы 31  қаңтарда қабылданды және екі бөлімнен тұрды – КСРО-ның білім беру жөніндегі Декларация және КСРО-ның білім беру жөніндегі Келісімі.

КСРО-ның білім беру жөніндегі Декларациясының құрамына білім берудің тек саяси аспектілері кірді, заңдық мәселелер кірмеді. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде «капитализм лагерінде – ұлттық жауыздық және теңсіздік, колониалдық құлшылық және шовинизм, ұлттық қанаушылық, империалистік айуандық және соғыстар» делініп, «кеңес лагерінде – өзара сенімділік пен бейбітшілік, ұлттық бостандық және теңдік, ұлттардың татулығы мен бірлігі» екендігі ерекше аталып өтті.

1973 жылдың 19-шілдеде КСРО-ның «Кеңес Одағының және Одақтың республикалардық халықтық білім беру жөніндегі заңнамалардың негізін бекіту» заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстанның кейінгі жылдардағы білім саласындағы заңнамаларының негізін қалауға себепші болды. Осы заңның 5-бабында: «КСРО-ның халықтық білім беру жүйесінің құрамы: мектепке дейінгі тәрбие, жалпы орта білім, кәсіптік-техникалық білім, орта арнаулы білім, жоғары білім, мектептен тыс білім».

Кейіннен бұл құрамға ЖОО-дан кейінгі білім қосылады. Кеңес Одағының білім саласында, ғылым саласындағы жеткен жетістіктерін ескере отырып, осы кездегі білім саясатының негізін осы күнге дейін ұстап тұру идеясын бір жағынан дұрыс деп санаймын, себебі бұлкездегі заңдар, шешімдер, жарғылар талай жылдар бойы зерттеліп, ішкі заңдылықтар, ішкі менталитет, жалпы қоғамның құрылысы ескерілет қабылданды. Сол себепті осы кездегі саясат өз жемісін молынан берді. Қазіргі жағдайда Қазақстанның білім саласындағы заңнамаларында, жалпы жүйеде батыстан алынған элементтер көптеп байқалады. Бұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағы: әлемнің ең алдында, ең дамыған елдері сол жүйені пайдаланып келеді және теориялық тұрғыдан өте жақсы дәлелденген және біз осы жүйені пайдалану арқылы сол дамыған елдер деңгейіне ұмтыламыз, ғылымымыз дамып, еліміз дамиды.  Жаман жағы: батыс елдерінің жасап шығарған технологиялары, білім саласындағы жаңалықтары өздерінің ішкі қажеттіліктерінен, ерекшеліктерінен шығып отыр және олар Қазақстанның ерекшеліктеріне, халықтың діліне, саяси жүйесіне, экономикалық және әлеуметтік жағдайына сай келмеуі мүмкін, нәтижесінде еліміздегі білім жүйесі өз нәтижесін бермеуі мүмкін, бұл әрине қауіп қана. 

Білім саласын Ұлттық деңгейде реттейтін өз еліміздегі заңдарға тоқталатын болсақ, сөзсіз Ата заңымыз – Конституциядан бастаған жөн. Конституциямыздың 30-бабы толықтай дерлік Қазақстан азаматтарының білім алуына арналған, мәселен осы баптың 2-тармағында былай делінген: «Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар», бұл бойынша жыл сайын мемлекет белгілі бір көлемде талапкерлерге арнап грант бөледі және ол конкурс негізінде іске асады. Ал 30-баптың 3-тармағында: «Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады» – деп жазылып, мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндігіне қол жеткізе алмаған азаматтарға білім алудың жолы көрсетіледі. Конституцияның толықтай бір бабының білімге арналуы, азаматтардың білімі мемлекет үшін өте маңызды дүние екендігін көрсетеді.  

Тәуелсіз Қазақстанның «Білім беру туралы» алғашқы Заңы 1992 жылы 18-қаңтарда қабылданды. 1993 жылы 1-сәуірде осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Одан кейін 1995 жылдың 30-тамызында және 1996 жылдың 27-қаңтарында «Қазақстан Республикасы Президентінің білім беру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Жарлықтар шықты. Бұл кезде Қазақстан жаңа нарықтық жүйеге еніп келе жатты, сол себепті білім жүйесі де жиі-жиі өзгерістерге ұшырап тұрды, оның үстіне жаңа құрылған мемлекет білім жүйесін толықтай меңгере алмады, сол себепті бұл заңда жетілмеген бөлімдер көп болды.

Қазіргі заңнамалардан сол кездегі заңнамалардың басты айырмашылығы жоғары білімді реттейтін арнайы заңның болуында. Қазақстан Республикасының «Жоғары білім беру туралы» Заңы 1993 жылы 10-сәуірде қабылданды, ал 1996 жылдың 27-қаңтарында «Қазақстан Республикасының білім мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күші бар Жарлықтарына сәйкес өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Бұл арнайы заңда жоғары оқу орнындағы білім беру процесінің негізгі субъектісіне нақты анықтама беріледі: «Жеке өзінің өтініші бойынша ректордың бұйрығымен жоғары мектептің біліми-кәсіптік  бағдарламаларын меңгеру мүмкіндіктерін бағалау негізінде оқуға алынған адам жоғары оқу орнының студенті болып табылады.». Оған қоса, студенттердің міндеттері мен құқықтары, оларды оқудан шығару, қайта алу және ауыстыру, оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналастыру секілді мәселелер қарастырылған.     

Өкінішке орай, кейінгі жылдары бұл заң өз күшін жойып, «Білім туралы» заңға қосылып кетті. «Жоғары білім беру туралы» заңда жазылған нақты жайттар, келесі заңдарда жазылмады, тек Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы, стандарттары ретінде сақталынып қалды.

1999 жылы 7-маусымда аты сәл ғана өзгеріске ұшырап жаңа «Білім туралы» жаңа Заң қабылданды. Тұңғыш рет университет, бакалавр, магистратура  секілді білім саласына қатысты негізгі сөздердің бәріне түсінік беріліп, оның мәртебесі, құқықтық негізі айқындалды.  Егер алдындағы заң 6 бөлім, 45 баптан тұрса, бұл заң 9 бөлім 50 баптан құралды. «Білім беруді ұйымдастыру», «Білім бағдарламалары және білім деңгейлері», «Білім саласындағы заңдарды бұзғаны үшін жауапкершілік» секілді жаңа бөлімдер қосылып, заң бұрынғыдан ары қарай жетіле түсті. 1992 жылғы заң бойынша білім берудегі 9 деңгей шашыраңқы көрсетілсе, кейінгі заңда олардың реттеліп білім беру 4 негізгі деңгейге бөлінді:

1)    Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру;

2)    Орта білім;

3)    Жоғары кәсіби білім;

4)    Жоғарыдан кейінгі кәсіби білім.

Алғаш рет жоғары білімнің өзі 3 деңгейге бөлінді: жоғары негізгі білім, жоғары ғылыми-тәжірибелік білім, жоғары арнайы білім.

Жоғары негізгі білім (бакалавриат) төрт жыл мерзім көлемінде оқытылып, қорытынды аттестациядан өткен студентке академиялық «бакалавр» атағы және квалификация беріледі.

 Жоғары ғылыми-тәжірибелік білім жоғары білім негізінде екі жыл мерзім көлемінде оқытылып, қорытынды аттестациядан өткен студентке академиялық «магистр» атағы және квалификациясы беріледі.

Жоғары арнайы білім ең кемі төрт жыл оқытылып, қорытынды аттестациядан өткен білім алушыға «жоғары кәсіби білімі бар маман» атағы беріледі.

Білім саласының заңнамалық жағындағы келесі өзгеріс 2004 жылдың 9-шілдеде болды. «Білім туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. 

2007 жылдың 27-шілдесінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» осы күнге дейін соңғы заңы қабылданды. Мұнда негізгі бөлімдердің аттары өзгеріп, «Педагогикалық жұмысшының статусы», «Білім саласын мемлекеттік реттеу» «Қорытынды ережелер» секілді жаңа бөлімдер енгізіліп, олардың саны 12-ге жетті, ал баптардың саны 68-ді құрады.

Соңғы заңның аса бір есте қалатын ерекшелігі оның педагогтардың статусын ресми анықтауында болды. Мәселен, осы заңның 50-бабында педагогтарға мынадай анықтама беріледі: «Бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын басқа да ұйымдарда бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқытуға және тәрбиелеуге байланысты бiлiм беру қызметiмен айналысатын адамдар педагог қызметкерлерге жатады.» Және де педагогикалық жұмысшының негізгі 12 құқығы мен 8 міндеті де жазылған. Білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеу жүйесі заңмен реттеліп, алғаш рет мұғалім мен оқушылардың пропорциясы анықталды:

8:1 – күндізгі бөлімде оқитындар үшін (медициналық жоғары оқу орындары үшiн - 6:1);

16:1 – оқудың кешкі түрінде оқитындар үшін;

32:1 – сырттай оқитындар үшін;

4:1 – магистранттар мен оқытушылар үшін;

3:1 докторанттар мен оқытушылар үшін.

Жыл сайын тұрақты түрде болатын «Үздік педагог» және «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атты номинациялары енгізіліп, оларға тағайындалатын сыйақы мөлшері де анықталды.

     Сонымен қатар, білім беру жүйесінің міндеттері де айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Мәселен, 1996 жылғы заң бойынша білім беру жүйесінің міндеттерінің бірі мынадай болды: қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр-салтын оқып-үйрену үшін жағдайлар жасау. Ал дәл осы міндет 2007 жылғы заңда келесідей мәтінмен өзгереді: отандық және әлемдiк мәдениеттiң жетiстiктерiне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу; мемлекеттiк тiлдi, орыс, шетел тiлдерiн меңгерту. Қазақстан жыл өткен сайын көп ұлтты мемлекетке айналып жатыр,

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы бойынша мына мемлекеттік принциптер басшылыққа алынады:

1) Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының білім алу құқықтарының теңдігі:

2) әрбір азаматтың интеллектуалдық дамуы, психикалық фиииологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі тұрғындарының білімге қол жеткізуі;

3) білім берудің зайырлы сипаты;

 4) жеке адамның білімділігін ынталандыру және дарындылығын дамыту;
 5) білім беру сатыларының сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі; оқу мен тәрбиенің бірлігі;

 6) білім беру ұйымдарының меншік нысандары бойынша, оқу мен тәрбиенің нысандары, білім беру бағыттары бойынша алуан түрлі болуы;

7) білім беруді басқарудық демократиялық сипаты және білім беру ұйымдарының академиялық бостандықтары мен өкілеттілігін кеңейту;

8) білім берудің ізгілікті және дамытушы сипаты;

9) білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциялануы;

10) оқушыларды кәсіптік бағдарлау;

11) білім беру жүйесін ақпараттандыру;

Сонымен қатар, білім саласына қатысты кезекті маңызды құжаттардың бірі «Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім беру стандарты», соның ішінде «Жоғары кәсіптік білім» стандарты бар. Ол бойынша білім алушы мен білім берушіге қойылатын талаптар мен міндеттер, олардың оқу процесі кезіндегі құқықтары, белгілі бір мамандық бойынша оқытылуға тиіс пәндер тізбегі, оқу бағдарламаларының стандарттары айқындалалады, және де әрбір мамандықтың өзінің жекелеген стандарттары болады. Бұл стандарттарды ҚР Білім және ғылым министрлігі шығарады, ал бұл ережелерді, талаптарды жоғары білім берумен айналысатын барлық оқу орындары орындауы тиіс, мейлі ол мемлекеттік болсы, мейлі жекеменшік болсын.

Техника ғылымдарының докторы, профессор М.М.Жасимовтің ҚР «Білім туралы» заңына берген сараптамасында: «Кеңес Одағының білім жүйесінде басты басым болған элементтер: мемлекет, қоғам. Ал жеке адамның мүдделері формалды түрде жарияланғанымен, іс-жүзінде толықтай қарастырылған жоқ».

М.М.Жасимовтың ойынша, тұлға, жұмыс беруші, қоғам, мемлекет секілді басымдықтар заңдастырылуы керек. Бұлай жасамаған жағдайда білім жүйесі нарықтық экономикаға кіре алмайды. Қазіргі заңды қарастырсақ, мұнда жеке индивидке мемлекетке, қоғамға қарағанда көбірек басымдық берген. Азаматтар мемлекеттік грантты иелене алады немесе өз ақшасына оқи алады және қалаған жерінде жұмыс істей алады. Мемлекеттің мүддесі, қажеттілігі ескерілмейді, сондықтан да елде техникалық кадрларға қажеттілік жыл санап өсіп келе жатыр, ал маман әлі тапшы, жастардың көпшілігі әлі күнге дейін аты құлаққа жағымды «заңгер», «экономист» секілді мамандықтарды оқып, түбінде жұмыссыз қалып немесе өзге салаға ауысып жатады.

Шынымен де, адамдарғарға білім беруде мемлекеттік тұрғыдан қарап, мемлекеттің ұстанымы басым болуы керек. Бұл жердегі басымдық дегеніміз, білім саласын Білім және ғылым министрінің реттеуі емес, ол онсыз  да осы саланы реттейді, мәселе білім саласындағы болып жатқан барлық жаңалықтар мемлекетке пайда алып келу керек. Мәселен, қазір мемлекет жыл сайын 3000-ға жуық адамды «Болашақ» бағдарламасы бағдарламасы бойынша оқытып жатыр, бірақ осы болашақтықтардың елге оралып керемет жаңалық ойлар тауып жатқаны шамалы, оған қоса олардың бір тобы Отанына оралудан бас тартады, мемлекеттік мүддесі ескерілмеді, патриоттық сезім сезілмеді.  Осындай олқылықтардың болуына себеп – білім саласындағы заңнаманың толықтай жетілмегендігі. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: