Жиналған қоқысты жерге көме салу үйреншікті жағдайға айналды – Бектенов

12 Наурыз, 11:23 851

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елімізде қалдықтарды қайта өңдеуді айтарлықтай арттырудың маңызды екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы «Елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселесі сол күйі толық шешімін тапқан жоқ», - деді.

Көптеген өңірде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.

Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді. Бұл өңірлердегі экологиялық жағдайға айтарлықтай нұқсан келтіреді, - деді Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда екенін тілге тиек етті.

Ал бізде, қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды, - деді ол.

Сонымен қатар тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отырғанын жеткізді.

Аталған проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеу қажет. Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады.

Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз, - деді премьер-министр.

Үкімет басшысы «Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты бақылауға алуы қажет», - деп атап өтті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: