Жігіт және жілік

6 Қараша 2018, 19:33 11645

Жалаң қолымен жілік шағатын Алтай Бименмен сұхбат

Қазақ халқында жілікке қатысты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер көп. Әлдебір саланың маманына қарата «ол бұл дүниенің жілігін шағып, майын ішкен адам ғой»  деген тіркесті жиі айтамыз. «Жылама, балам, жылама. Жілік шағып берейін...» деген жолдар бесік жырында  да кездеседі. Үлкендер әлжуаз адамға немесе қыстан нашар шыққан малға қарата «жілігінде май жоқ» деп айтып отыратын.

Жілік майы жайлы әкемнен естіген бір әңгімемді кірістіре кетейін. «Біздің бабаларымыз Кенесарының қосынында болған, жәй ғана жауынгер болмай, жүзбасы болған адамдар екен. Тіпті, Қасым төреден арнайы жазуы бар қылыш алған, кейін сол қылыш үшін қуғынға ұшырып, ересек еркек кіндіктілердің барлығы тұтқындалған әулетпіз. Қылыштың қайда екенін айтқызу мақсатында әкелеріміздің табанын тіліп, тұз сепкен деседі.

Кенесарының әскері ыдыраған тұста біздің арғы атамыз Сайдалы Сары бай үш баласы Бекбау, Бекберген, Бектайды соңына ертіп,  әйел-еркегі аралас қырық шақты адам сонау Созақ өңірінен өздерінің түп мекені Арқаға бет алады. Бекбау Кенесары әскерінде жүзбасы болған батыр екен. Бекберген де көзсіз батыр жігіт болған. Бір қызығы шайқастарда Бекбау жараланбай дін аман шығатын болса, Бекберген көзсіздігінің салдарынан ба, әлде қызбалықпен көптің арасына жалғыз кіріп кететін әдетінің кесірінен бе жиі жараланып отырады екен. Қайтып келе жатқан көшке тұтқиылдан шабуыл жасайтын қарақшы топтар да болып тұрған. Сондай қарақшы топтың бірі Сары байдың көшіне шабуыл жасайды. Әлекедей жаланған қарақшылар байдың үш ұлы бастаған шағын топты ала алмай, адам шығынына ұшырап, бос қайтады. Осы қарбалас кезінде Бекбергеннің беліне  айбалта тиіп, ауыр жараланады. Содан, атқа отырудан қалған Бекбергенді арнайы теңге артып алып, көш тек қана түнде жылжымақ болады. Сары деген бабамыздың ептеп әулиелік, емшілік қасиеті де бар болса керек. Жараланған ұлының белін жылқының қазысымен таңбақ болады. Жігіттеріне тапсырма беріп, алдына ту бие алдыртады. «Мен қазір мына ту биені қылышыммен  бауыздаймын. Оңына құласа елге аман-есен жетерміз. Солына құласа осы жерде қаламыз» дейді де биені тұрған бетінде бауыздау тұсынан орып жібереді. Әлгі жануар шыр айналып барып, басын құбылаға қаратып оң жағына құлаған екен.  Ту биенің қазысын баласының беліне таңып, сол жерде бір аптадай қона жатып қалады. Бір аптадан соң баласы басын көтеретін дәрежеге жетеді. «Жағдайың қалай балам?» деп сұраған әкесіне Бекберген «Күшімді  сынап көрейін қолыма сойыл беріп, алдымнан жылқы айдап өтіңіздерші» деп өтініш білдірген екен. Содан баласы жатқан теңнің тұсынан жылқы айдаттырады. Бекберген басын көтерген қалпы қолындағы сойылын сілтеп қалады. Сойыл бір байталдың беліне дәл тиіп, жылқының омыртқасы әлгі жерде үзіліп кеткен екен. «Е, баламның беті бері қараған екен. Жілігінің майы кетпеген екен. Енді осы байталдың еті біткен соң елге жылжуымызға болады» деп әкесі сол жерде көзіне жас алған екен деседі. Мұның барлығы жігіттің жігіттігін дәлелдейтін оқиғалар ғой» деп әкем Мұхамедия жиі айтып отырушы еді.

Сонымен, «Бұл неге жігіт пен жілікті айналдырып кетті?» деп отырған боларсыздар. Оның да мәнісі бар. Біздің қазақ  отыз күн ойнау, қырық күн тойлауды жете меңгерген халық.  Жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ сынды ойындар кең далада ойналатыны белгілі. Жігіттер жағы соғым уақытында не болмаса бастаңғыда киіз үйдің ішінде  алқа-қотан отырып, жалаң жұдырығымен жілік шағып ойнайтын болған.  «Жілік шағу» қазіргі таңда ұмыт бола бастаған ойындардың бірі. Құрбан айт кезінде, не  болмаса Наурыз мейрамын тойлаған уақыттарда әредік ойналып қалады. Күшке қарағанда ептілікті талап ететін бұл ойын кезінде байқамасаңыз, жілікті емес, өз қолыңызды сындырып алуыңыз әбден мүмкін. Ел-елді аралап жүріп, түрлі адамдармен танысамыз.  Былтыр, қазан айында Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ақмешіт ауылына жолым түсті. Қарағанды облысына аты белгілі, Думан Намысов атты ақсақал немересінің құрметіне той жасап, жігіттерге көкпар тартқызып, тай жарысын берген болатын. Осы той барысында ұмыт бола бастаған «Жілік шағу» ойыны да өткен. Сол ойында жылқының тоқпан жілігін жалаң жұдырығымен бір ұрып, қақ бөлген Алтай Бимен атты жігітпен танысқан болатынмын. Бұл жігіт бойына жеті өнерді жия білген, жігіттің сұлтаны деп айтуға лайықты азамат екен. Астанаға табан тіреген соң, былтырғы аста асығы алшысынан түскен Алтайды тауып алып, сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

- Алтай, өзіңіз жайлы аз-кем мәлімет айта кетсеңіз. Бала кезіңізде спортпен айналыстыңыз ба?

- Мен Қарағанды облысы, Босаға ауылынанмын. Білмейтіндер болса нақтылай кетейін, бұл -  Ақадыр кентінің маңайындағы ауыл. Біздің Босағада күреспен айналыспайтын ер бала болмайтын. Туғаннан әлжуаз, аурушаң біреу болмаса, ер балалардың барлығы күреспен айналысады. Ауыл ішінде, Ақадырда өткен жарыстарға барып жүрдік. Тоғызыншы сыныптан соң Астанадағы колледждердің біріне оқуға түстім. Бұл жақта да күреспен шұғылдануды тастамадым. Қалалық жарыстарда алғашқы үштікке ілігіп жүрдім.

- Мен сізді «Жілік шағушылығыңыздан» бұрын «Хабар» арнасынан көрсетілген «Жігіт сұлтаны» жобасынан көрген болатынмын.  Осы жоба жайлы сөз қозғасақ. Жобадағы қызықты сәттер, өзіңізге қиын болған кезеңдер жайлы айтсаңыз оқырмандарымызға қызық болары сөзсіз.

- Бұл жобаға дәстүрлі әнші, қызылжарлық Біржан Есжанов деген досымның арқасында тап болдым. Мен өмір бақи заң саласында оқыған адаммын ғой. Өнер саласында, оның ішінде телевизияда қандай жобалар өтіп жатқанынан хабарым жоқтын. Біржан «Алтай, сен аттың құлағында ойнайсың. Домбыра да шерте аласың. Палуандығың және бар. «Хабар» арнасы «Жігіт сұлтаны» деген телебайқау ұйымдастырып жатыр. Сен секілді жігіт алмағанда бұндай бәсекені кім ұтсын? Жүр, бағыңды сына» деп  қолымнан жетектеп алып келді. Осылайша, осы жобаға тап болдым. Мен бұл жоба барысында жігіттің жігіттігі сыналар сынақтарден еш сүрінбей өттім. Садақ ату, теңге ілу, кір тасын көтеру деген секілді сынақтарда жұрт құлап жатқанда ең жоғары ұпай алып отырдым. Маған шын қарсылас болған жігіт қарағандылық Күнтуған Охан болатын. Қайсымыз кейін шықсақ, сонымыз бір-бірімізден ұпай асыруға тырысып жүрдік. Дегенмен, мен «би сайысына» дейін еш сүрінбеген едім. Бала кезімнен биге ебім жоқ болатын. Бұл сынға қатыспай-ақ қояйын десем жобадан шығарып жіберетін болды. Содан, ер азаматқа тән би осы-ау деп «Аңшының биі» деген биді таңдадым. Жаныма бір қыз тауып, екеуміз қызу дайындыққа кірістік. Түсірілім болардан екі күн бұрын әлгі серіктесім халықаралық би конкурсына қатысатын болып, басқа жаққа кетіп қалды. «Қара жорғаны» таңдай салайын десем ол биді таңдап қойған адам бар. Сөйтіп, «Лезгинка» билеп шықтым. Аяқ асты болған соң биім де онша болмады. Қазылар алқасы етігімнің үлкендігіне шүйлікті, биімнің сәтсіз шыққанын айтып, «қауіп аймағына» бір кіріп шыққан едім. Жігітті бимен сынау дегенді өз басым әлі де түсіне алмаймын. Актерлық шеберлік деген сын болды. Ондай қойылымдарға еш уақытта қатысып көрмеген болатынмын. Дегенмен,  бұл сынақтан да сүрінбедім. Дайындығым нашарлау болғаны рас. Бірақ, іштей сенімдімін өзіме. «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлуге шыдайтын ұлы болмаса, сондай ұлды өсіретін елі болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің» деп басталатын Кенесарының монологын оқуым керек болған. Сахнаның сыртында тұрып кәлиманы, білетін басқа да дұғаларымды қайталай бердім. Не керек, сахнаға шықтым. Денем дір-дір етеді. Ептеп қобалжып бастағаным рас. Негізі ата-бабамызда  Кенесарының қасына ерген, бас қазынашысы болған Мамыт атты атам бар еді. Қуғын-сүргін көрген аталарымды ойлап, сол образға қатты кіріп кетсем керек. Өз дауысымды өзім ести алмадым. Әйтеуір арқаланып кеткенімді білемін. Мәреге  бәйге аттар жақындаған кезде не болмаса аң қуған кезіңде арқаң шымырлап кетеді ғой. Дәл сол күйді кештім. Тек, бұл жолы «шым» ете қалған жоқ, шымырлап, басылмай қойды. Әйтеуір, абырой болғанда жақсы орындап шыққан екенмін. Жанымдағы жанкүйерлерімнің өзі дайындықта бұлай оқи алмағанымды, менен дәл осындай өнер күтпегенін айтқан болатын. Жалпы, актер болудың қиындығын осы жоба барысында түсіндім.

Бұл жоба жайлы тек бір ғана айтарым бар. Жоба нағыз жігіт сұлтанын анықтай алмады. «Мистер» дәрежесіндегі бір жігітті таңдап алды. Біз финалға  алты жігіт шыққан едік. Жобаның әр кезеңіндегі ұпайлар санының қосындысы бойынша есептесе, бұл сайыстың бас жүлдесін мен алар едім. Бірақ, тек соңғы күнгі нәтиже бойынша шешім шығара салды. Жаңағы «мистерден» бөлек басқа біреуді таңдағанда ішімде ешқандай да өкініш кетпес еді. Бұл жоба Алтай Бименді не болмаса басқамызды аяққа таптаған жоқ. Жоба «Жігіт сұлтаны» деген сөзді аяққа таптады. Яғни, жігіт сұлтаны болудың белгілі бір қағидаларын жоққа шығарды.

- Мен сізді былтыр Нұра ауданындағы бір тойда жолықтырдым. Сол жолы сіз жалаң қолыңмен жілікті бір ұрғанда-ақ шағып тастадыңыз.  Бұның қандай да бір тәсілі, құпиясы  бар ма?

- Колледжде  оқып жүрген кезімде  Степногорск жаққа барғанмын. Бір отырысқа тап болдым. Бір кезде «Жілік шағамыз, жілік шағамыз» деп барлығы сыртқа шыға бастады. Сөйтсем, «Жілік шағу» осы Ақмола төңірегінде біздің Қарағандыға қарағанда жақсы сақталған дәстүр екен. Не керек, көп жігіттің бірі болып шығып, жілікті ұрғанымен сындыра алмай, қолымды ауыртып қайтқан болатынмын. Содан кейін ойлана бастадым. Үйде жілік мүжіп отырғанда да зерттеп, шұқшия қарап, бүтін жілікті жарыққа тосып, сырын іздедім. Жілік шағыпты деп естіген жігіттерге жолығып, сырын сұрадым. Сөйтсем, жіліктің тықылы деген болады екен. «Қалауын тапсаң қар жанар» дейді ғой біздің халық. Жіліктің де өзінің морт сынатын тұсы болады екен. Соны тықылдатып отырып дәл тауып, сол жерден сарт еткізсең жілігің шарт сынады. Әйтпесе, оны қара күшпен сындырамын деу бекершілік. Менің алғаш жілік сындыруым сол сіз көрген той болатын. Бұл тойды өзімнің ағайындарым өткізіп жатқандықтан қатты толқып шықтым. Жілікті шаға алмай қалсам ұят болар деп ойладым. Абырой болғанда жілікті бір ұрғаннан сындырдым. Бұдан кейін тағы бір мәрте топқа түсіп, ол жерде де бәсім жоғары болып, ұрған жілігім шағылып түсті.

Мен бір дүниеге қызықсам, соны меңгергенше тыным таппайтын адаммын. «Өспен жақта жігіттер шауып келе жатқан аттың үстінде мылтықты бір қолымен атады екен» дегенді жиі еститінмін. Ол жаққа арнайы барып, бұл өнерді де меңгердім. Тәжірибе барысында аңға екі-үш мәрте шыққанымызда қоянды шауып келе жатқан аттың үстінде атып алғаным бар еді.

- Тұқымыңызда  сал-сері, палуандар ма?

- Әкеміз палуан денелі аңшы адам. Ол кісінің мергендігіне таң қалумен өтетін шығармын. Ағаларым ірі денелі, палуан жігіттер. Ішіндегі сидаңы менмін. Ақжолтай Ағыбай батыр шыққан Шұбыртпалы руынанбыз ғой. Анам Найман елінің қызы. Нағашы жағым ат ұстаған, атбегі болған адамдар екен.

Әкеммен аңға шыққан бір оқиғамды айтып берейін. Арқада меңіреу құр деген құс бар. Бірде әкем екеуміз мотоциклмен келе жатқанбыз. Бұлақтың етегінде құрлар отыр екен. Мен мылтығымды алдым да асығыс атып қалдым. Бытыра оқтың бірі де тимеді қырсыққанда. Бұнымды көрген әкем қолын бір сілтеп, «Басынан атпайсың ба, басынан» деп мені бір сыбап алды. Шамалы жүргенімізден соң бізден екі жүз қадамдай қашықтықта тағы бір құр отыр екен.  Әкем «милкашкасын» қолына алып, қашықтығын қойып құрды атып қалды. Құр шайқалып барып құлады. Қалтамнан бәкімді ала салып, бауыздап алайын деп тұра жүгірдім. Барсам бауыздаймын деген құрымның басы жоқ. Денесі ғана тыпырлап жатыр.

Жаңа жілік шағудың тәсілін айтып өттім ғой. Бала кезімде әкемнің бір байталды құлағынан басып, шалқасынан құлатқанын көргенмін. Әкемнен мәнісін сұрағанымда «жылқының құлағынан басасың да, иек тұсын жоғары көтеріп қаласың» деп айтқан болатын. Осы әдісті қолданғым келіп жүрген. Жиырмаға толар шағымда осы әдісті алғаш рет пайдаланып көрдім. Мал соятын болдық. Үйірді әкеліп қамадық. Шалма тастағанда арқан жабағының мойнына емес, алдыңғы аяғына ілініп қалды. Ана жабағы қарғып, ешкімге көнбей қойды. Мен шыдай алмай кеттім. Арқанды шірене тарттым да қайта жіберіп қалдым. Жабағы өз екпінімен тәлтіректеп кетті. Құлағынан шап беріп ұстадым да, иегін көтеріп қалдым. Бұл кәдімгі күрестегі өзіңнен асыра лақтыру секілді дүние ғой. Кеудеңе басасың да жаңағы әдісті пайдаланып өзің бар салмағыңмен құлай кетесің. Жабағы сылқ етіп құлап түсті. Бұл сырттан қараған адамға өзіңнен асыра лақтырған секілді көрінеді. Ана жерде тұрған шалдар «Ағыбай, Ағыбай» деп, «Ақжолтайлап» ұрандап у-шу болды да қалды. Тағы да қайталап айтқым келетіні, әр дүниенің өз әдісі, өз тәсілі бар.

- Адам бойындағы  қандай қасиеттерді  бағалайсыз?

- Кішіпейілдікті құрметеймін. Адамның дәрежесіне, киіміне қарамай-ақ үлкенді де, кішіні де тыңдай алатын кішіпейіл адамдарды құрмет тұтамын. Өзіне қарата айтылған сыннан қорытынды шығарып, өз кемшіліктерін түзей білетін адамдарға құрметім шексіз. Адам сөзге тоқтауы керек.

- Өзіңіз үлгі тұтатын  тұлғалар  жайлы айта кетсеңіз...

- Иманжүсіп, Балуан Шолақтарға еліктеген кездерім де болды. Сол кісілердің аға сыйлауына, сөзге тоқтауына тәнтімін. Жалпы, көп жағдайда Бауыржан Момышұлы секілді болғым келеді. Бәукеңнің ұстанымдарын ұстанамын десем де болады. Көзі тірілерден айт десеңіз Бекболат Тілеухан ағамды үлгі тұтамын.

- Қазір қандай кәсіппен айналысып жүрсіз?

- Баяғыда біз жылқы біткен әулет екенбіз. Ұлытау жақта «Еділбай сайы» деген жер бар. Сол біздің Еділбай атты атамыздың жері. Атамыздың жылқысының көп болғаны соншалықты, санын жылқышыларының өзі де білмейді екен. Жылқыны әлгі сайға иіріп, сай толып тұрса «Жылқы түгел» деп жүре беретін болыпты. Сай толмай қалса маңайдағы біреудің жылқысын барымталай салады екен. Одан беріде бағана сөз арасында айтып өткен, Кенесарының бас қазынашысы болған Мамыт атам бар. Сол кісілердей мыңдаған жылқы айдамасақ та бала кезімнен үйде жылқы үзіліп көрген жоқ. Үйде кемінде екі құлынды бие бар болатын. Қазір менің шаруашылығымда он бестен астам құлынды бие бар. Астана маңайына тапсырыспен қымыз жеткіземін. Жылқы етімен айналысамын. Кейде, осының бәрін тастап, басқа салаға кетіп қалғың келеді. Бірақ, жеме-жемге келгенде қимай қаламын.

-  Отбасын құрдыңыз ба? Келіншегіңізбен танысуға «Жігіт сұлтанының» септігі тиді ме?

- Жоба 2013 жылы өтті ғой. Біз 2014 жылы шаңырақ көтердік. Біздің  үйленуімізге ол жобаның еш қатысы жоқ. 2014 жылы үйленемін деген шешім оның алдында-ақ шығып қойған болатын. Аллаға шүкір, қазір екі кішкентайымыз бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан қарапайым отбасымыз.

- Алтын уақытыңызды қиып, менімен сұхбаттасқаныңызға мың алғыс. Еңбегіңіздің жемісін жеңіз, бала-шағаңыз аман болсын!

Сурет ашық интернет көзінен алынды
Бөлісу: