Жігері мұқалмаған Жүрсін Ерман айтыс алаңына келді

7 Сәуір 2023, 12:56 1337

Денсаулығына байланысты ем алып жүрген Жүрсін Ерман Алматыда қазылық етті. Бұл туралы кәсіпкер Дулат Тастекеев facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 

"Жанкештілік емей немене? 72 жасында сынақ қып берген сырқатты сырғытып артқа тастаса да, ұзақ алған ем-домнан кейін толық қалпына келіп үлгермеген Жүрсін ағамыз айтыс алаңына келіп, жарқ етіп, жастарға жалын бергендей болды. Ол кісіні көрген кез келген құлыншақтың көсіліп шауып, Жүрсіннің жүйріктері қатарынан орын алғысы келері анық, - деп жазды кәсіпкер.

Оның айтуынша, айтысқа деген шынайы да нағыз көңілі болмаса, осындай батырлықты Жүрсін ағамыздың істемесі анық.

Әркімге шыбын жаны тәтті ғой. Ақылдылығымен абызға айналған ағамыздың бүгінгі бұл қадамын мен ешқандай аңғалдық емес, саф өнерлеріміздің маржаны айтысқа деген махабатының дәлелі деп танимын. Сөйлеген сөзімде “Соңғы 50 жылға жуық жасаған қызметі үшін Жүрсін ағамызға айтыс та, яғни қазақ та қарыздар” дедім. Артық кеттім деп ойламаймын. Қолдарсыздар. Ағамыздың денсаулығы да әлі толыққанды тәуір емес. Дегенмен жігері мұқалмаған. Айтыстың қара нары -Жүрсін Ерманға бақытты да аман-сау ұзақ ғұмыр тілеп қойыңыздаршы. Көп тілегі көл болып, періштелер әумин деп, жаратқан жарылқасын!" - деп жазды кәсіпкер.

Еске салайық, бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. Мамандардың сөзінше, ақынның ауруы асқынып, сепсиске айналған екен.

EL.KZ
Бөлісу: