«Жібек жолындағы сұхбаттар»: Орталық Азия халықтарының тарихи және заманауи тәжірибесі

11 Қазан 2019, 18:22 3155

Таразда «Жібек жолындағы сұхбаттар-2019» форумы өтті. Ол Орталық Азия аймағындағы елдердің қатысуымен жыл сайын өткізіледі.


«Жібек жолы бойындағы сұхбаттар – 2019» жобасының шеңберіндегі халықаралық форумның мақсаты - өңірдегі шекаралас елдердің көрнекті ғалымдары мен жас ұрпақ арасындағы Орталық Азиядағы Жібек жолы зерттеушілерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайту, диалог алаңын кеңейту, өркениетаралық диалог контекстінде тарихи дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды одан әрі дамыту, сақтау және қайта жаңғырту, Абай Құнанбайұлы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің жеке мұрасын қоса алғанда, Орталық Азия этностарының ұлттық кодтарын жаңғырту болып табылады.


Жобаның жетекшісі - белгілі қазақстандық ғалым, мәдениеттанушы, дипломат және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.

Жиынға Қазақстан Республикасының белгілі жазушылары, ғылыми қайраткерлері, халықаралық сарапшылары - Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің жетекші ғалымдары, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА кафедрасының мүшелері қатысты.


«Сұхбат - 2019» аясында Ұлы Жібек Жолы елдерінің жас авторлары арасындағы Халықаралық ALQA әдеби байқауының тұсаукесері өтті. Сонымен бірге конференцияға қатысушылар мен қонақтар Тараз қаласының тарихи ескерткіштерімен танысып, ұлттық қолөнер, кітап көрмелерін және «Жібек жолы бойындағы сұхбат» жобасы жайлы түсірілген деректі фильмді тамашалады.


«Сұхбат» барысында проблемалардың өзектілігі мен маңыздылығын ескере отырып, конференцияның баяндамалары мәдени құндылықтарды сақтау тұрғысында, туризмді дамытуға, туристік бағыттарды қалыптастыруға және Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірқатар мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы тақырыбында кітаптар көрмесі ұйымдастырылды, ал жоба қорытындысы бойынша «Жаңғыру. Орта Азия халықтарының тарихи және заманауи тағылымы» атты халықаралық мәдениеттану жобасының негізінде фильм түсіру жоспарлануда.


Форумға қатысушылардың пікірінше, халықтарды біріктірудегі басты құрал либералды интеллигенцияның тұрақты миссиясы мен жауапкершілігі, толыққанды мәдени, рухани интеграцияның маңыздылығын түйсіне отырып, Жібек жолы бойында туындаған сынақтарды біріге еңсеру. Тек қана жоғары мәдениет пен мықты саяси ахуал ғана әлемді рухани азу мен қоғамдық алауыздықтан құтқара алады. «Жібек жолындағы сұхбат 2019» конференция-форумының интеллектуалдарының тараздық кездесудегі қорытындылары осындай, дейді шараны ұйымдастырушылар.


«Жібек Жолындағы сұхбаттар» 2005 жылдан бастап Орталық Азия аймағы мен таяу шетел мемлекеттерінің қатысуымен рухани дамудың өзекті тақырыптары бойынша жыл сайын өткізіледі.

Бөлісу: