Командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңі күрделі де қызықты болмақ. Бұл туралы теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогі финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде ертең Қазақстан құрамасы Аустралиямен ойнайды.
Осыған орай жұптық сында әлемдік рейтингте 151-орында тұрған Жібек аталмыш жарысқа барынша жақсы әзірленгенін айтты.
Соңғы айлардағы ойыныма ризамын. Жұптық сында бірнеше ITF турнирінде жеңімпаз атандым. Севильяға бұрынырақ келіп, дайындалып үлгердім. 9 қараша күні өткен жылғы әлем чемпионатының финалисі – Аустралия құрамасымен шеберлік байқасамыз. Аустралияның жеті дүркін әлем чемпионы атанғанын ескерсек, бұл кездесу бізге қиынға соғары анық. Дегенмен капитанның нұсқауын орындап, дұрыс бағыт ұстансақ, жеңеміз деп ойлаймын, - деді Құламбаева.