4 Қараша 2015, 08:50
Ел аузында Әжібай батыр туралы аңыз бар. Соның бір парасы «Бабалар сөзінде» кездеседі.
Әжібай Найманбайұлы шамамен 1699 — 1778 жылдары өмір сүрген батыр. Албан тайпасының қызылбөрік руынан шыққан. Жетісудың Таутүрген мен Таушелек өңірлерінде (қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы) өмір сүрді. Әжібай Өтеген, Хангелді, Райымбек, Тауасар, Есбол батырлармен тізе қосып, Жетісуды жаудан тазарту жолындағы шайқастарда ерлік көрсетті. Есімі қызылбөрік руының ұранына айналды. Құба қалмақтар жөңкіле қашқан кезде Әжібай батыр Сарыарқаға, Қаратауға, Түлкібас пен Қазықұртқа бытырай ауып кеткен Ұлы жүз қазақтарын атамекені Алатауға қайта жинап, мал шаруашылығымен, егіншілікпен, бау-бақша егумен айналысуға жөн сілтеп, жол көрсеткен екен. Түрген өзенінен тоған салдырып, ұзындығы 15 шақырымдай арық қаздырды. «Әжібай тоғаны» аталған сол арна осы кезге дейін ел кәдесіне жарап келеді. Шоқан Уәлиханов Ұлы жүз туралы мақаласында Әжібай батырдың баласы Бердіқожаның, немересі Қожамқұлдың, шөбересі Атамқұлдың би болғанын жазады. Батыр өмірі Әжібай Мәлікеұлының «Ер Әжібай» деректі дастанына арқау болған.
Қазақтар қалмақтарды Аяққалқанға түріп тастап, әскерін алып қайтып Шелекке келіп тоқтапты. Қол бастаған батырлардың қатарында Жалайыр Ескелді, Балпық, Дулат Шеруке, Өтеген, Сегізсарыдан Биеке батыр, Қаракерей Қабанбай батыр, Алжан Райымбек батырлар болады. Өткелдің аузында әскерін тоқтатып қойып, елдің алдын шегереді. Үлкендері Шеруке сол түні түс көреді. Таңда Шеруке:
«Мен түнде түс көрдім, Райымбектің басында екі шамшырақ жанып тұр екен. Біздің болашағымызды сол болжасын», – дейді.
Райымбек: «Алланың көзіме көрсеткенін айтайын ба әлде Алланың аузыма салғанын айтайын ба?» – депті.
Шеруке: «Алланың аузыңа салғанын айт», – дейді.
Райымбек: «Ата, бізге енді қалмақ шаппайды. Бірақ, Сіз дүниеден озғаннан кейін, тәніңіз көрден алынады, – дейді. – Қабанбай аға, Сіздің атыңызды «Қабан» қойды елің. Көріңіз үш күннен кейін шулайды, тәніңізді ұрпағыңыз таппайды. Өтеген, Сіз Ұлы жүздің басы қосылған ұлы тойда менің есімімді ұранға айналдырасыз. Сол тойдағы бәйгеге алты ат қосасыз. Алтауына алты бала мінгізесіз. Мінгендерге: «Айт, Бозымның баласына «Әлмерек» деп, Алжан, Сегізсарының баласына «Райымбек» деп, Қызылбөрік, Қоңырбөрік баласына «Әжібай» деп ұрандап шап!» – дейсіз. Содан алтауы Сіздің айтуыңыз бойынша ұрандап шабады. Алтауы да бәйгеден келеді. Сол қуаныштан сіздің жүрегіңіз жарылып, бақи дүниеге аттанып кетесіз».
Райымбек батырдың айтқаны келіп, осы дүбірлі тойда үш жүздің баласы жолды Ұлы жүзге, Ұлы жүз Албанға, Албан балалары Алжанға берген екен. Сол күннен бастап Айт- Бозымның ұраны - «Әлмерек», Алжан, Сегізсарының ұраны - «Райымбек», Қызылбөріктің ұраны «Әжібай» болыпты.
Әзірлеген: Досжан Мейірім