Жезқазғанда бейнекамераның көмегімен көліктен ұрлық жасаған күдікті анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
23 жастағы қала тұрғыны ұрлық қылмысы туралы полицияға хабарлаған. Ол көлігін ашық қалдырып, дүкенге кіріп кеткен. Осы сәтті пайдаланған күдікті 250 мың теңге мен банк карталарын жымқырғаны белгілі болды.
Дүкенге орнатылған бейнекамераға ұрлық сәті түсіп қалған.
Осылайша, полицейлер күдіктіні анықтады. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 55 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз ісін мойындады. Айғақты заттар алынды.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.