13 шілдеде Жезқазған жылу электр орталығында апат болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Ауа райының қолайсыздығынан электр беру желісі ажыратылған.
13 шілдеде сағат 21:12-де қолайсыз ауа райы кезінде Ақадыр-Жезқазған 500 кВ электр беру желісі ажыратылды. Электр желісі параметрлерінің өзгеруі Жезқазған ЖЭО-дағы №7 және 11 қазандықтардың қозғалтқыштарында жиілік түрлендіргіштердің ажыратылуына, артынша сөнуіне әкелді. Будың болмауына байланысты №4, 7 турбиналар тоқтатылды, салдарынан генерация толық төмендеді, - деп хабарлайды энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Станцияның жұмыс режимін қалпына келтіру бір сағаттан кейін сағат 22:20-да басталды.
Жан-жақты тергеу жүргізу үшін Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің комиссиясы құрылды.
Министрлік Жезқазған ЖЭО-ның толық тоқтауы бірінші рет емес екенін атап өтті. 19 маусым сағат 12:45-те өзінің электр қажеттіліктерін жоғалту салдарынан станция генерациясы 129-дан 0 МВт-қа дейін төмендеген.
Жоғарыда айтылғандар негізінде "Қазақмыс Энерджи" ЖШС-ның басшылығына Жезқазған жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды, - деді ведомстводағылар.