Жезқазған-Қызылорда тас жолы қашан пайдалануға беріледі? Әкім жауап берді

20 Қараша 2023, 16:30 1446

Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы екі жылда жол құрылысы толық аяқталады деп сендірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда-Жезқазған жол құрылысы жүріп жатыр деп айтып өттіңіз. Қызылорда аумағындағы жол құрылысы аяқталды. Жезқазған жағының құрылысы қашан аяқталып, қашан пайдалануға беріледі? Нақты мерзімді атасаңыз, - деп сұрақ қойды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Әкім берген ақпаратқа сәйкес, жол құрылысына жауапты облыс әкімдігі емес, «ҚазАвтожол» мекемесі екен.

Негізгі ұйымдастырушы біз емес, «ҚазАвтоЖол» мекемесі. Олардың берген ақпараты бойынша, инвестор таңдауға жарияланған конкурс нәтижесі желтоқсан айында шығады. Көктемде құрылыс жұмыстарын бастап кетсе, 2024 жылдың аяғы 2025 жылдың басында пайдалануға берілуі керек. Екі жылдың айналасында аяқталады деп күтіп отырмыз. Бәрі конкурстың нәтижесі қалай шығады, мердігердің жұмыс істеу жылдамдығы қандай деген сияқты сұрақтарға да байланысты, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Әкімнің сөзінше, жол құрылысының ертерек аяқталуы өңірдің дамуына, экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан барлығы құрылыстың ертерек бітуіне мүдделі. Министрлікпен бірлесіп күш салып жатқанын айтады.

Жалпы, 2026 жылға дейін өңірді республиканың басқа аймақтарымен байланыстыратын барлық республикалық тасжолдардың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: