11 Ақпан 2015, 09:05
Құрылысы 1967 жылы басталып, 1971 жылдан бастап осы күнге дейін өз өнімін беріп келе жатқан Жезқазған мыс қорыту зауытының Қазақстан үшін маңызы өте зор, себебі мұндай зауыттар жедел индустрияның ажырамас бөлігі. Зауыт тірі ағза секілді өмірінің әртүрлі кезеңдерінен өтті: жаңадан құрылу, үдере даму, шарықтау, тоқырау және қайта күшею.
Осыдан бір жылдан астам бұрын аталмыш зауыт жабылатын болды деген сыбыс өңір тұрғындарының мазасын қашырғаны белгілі. Алайда шын мәнісінде зауыт жабылмаған болатын, ол тек ірі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша тоқтатылған еді. Бұл қысқа мерзім аралығында бүткіл жұмысшылар жалақыларын алып отырған болатын.
Жұмыссыз жалақы алуды жөн көрмеген зауыт қызметкерлері тезірек іске кірісуді қалады. Көп ұзамай зауыт жұмысы қайта жанданды. 2014 жылдың қараша айында зауыт катодты мыс шығара бастап, консервацияға дейінгі қуаттылыққа жетуді көздеді. Бұл дегеніміз – жылына 100 мың тонна өнім. Зауыт жұмысын жандандыру үшін 2 ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілді.
Зауыт қызметкерлерінің жалпы саны - 1500.
Жезқазған мыс қорыту зауыты 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және осы өңірдегі халық үшін негізгі жұмыс көзі.
Зауыт бригадирі Жоламан Аңдағұлов: «Барлық қызметкерлер жұмыстарына көңілі толады. Бастысы зауыттың қайта іске қосылғаны қуантады. Менің ойымша, бұл үшін біз Елбасына рахмет айтуымыз қажет, себебі ол модернизация барысын өзінің жеке бақылауына алды» - деп атап өтті.
Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, зауыттың іске қосылуы экономиканың өзге салаларын дамытуға қатты әсер етеді. Ал бұл дегеніміз - қосымша жұмыс орындары мен халық табысының артуы. Ол сондай-ақ бұл шаралардың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында жасалып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен гидрометаллургия технологиясы енгізіле бастады. Бұл технологияның көмегімен құрамында металл аз кенді тиімді өңдеуге болады.
Зауыттың салыну тарихына қысқаша тоқтала кетсек, 1959 жылы СССР Министрлер Кеңесінің №181 «Жезқазған аймағын дамыту туралы» қаулысы қабылданған. Кеңес өкіметінің қаулысына қарамастан, зауытты салу жөніндегі айтыс үш жылға созылыпты. Ақыры мыс зауытын Жезқазғанда салу туралы шешім қабылданып, 1964 жылы жобалық тапсырма бекітілген.
1971 жылдың 13 ақпанында бірінші катодты мыс алынды. Кешеннің құрылысы 1977 жылы толықтай аяқталды. Сол кезеңде Жезқазған мыс қорыту зауыты техникалық-экономикалық көрсеткіші жағынан, механизациялау және автоматтандыру жағынан Кеңес Одағында алдыңғы орында еді.
Дәурен Омаров