Жетісулық төтенше жағдай қызметкерлері тазалыққа шақырады

11 Маусым, 15:07 458

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, шомылу маусымы қарсаңында Жетісу облысы аумағындағы ел жауһары атанған – Балқаш көлінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су асты тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісу облысы ТЖД арнайы бригадасы мен сүңгуірлерінің білек түре атқарған жұмысының арқасында Балқаш көлінің 10 шақырым бойы, 5 метр тереңдікке дейін түрлі қоқыстардан тазартылды.  Сүңгуірлер бірегей көл түбінен целлофан, пластик сынды 367 келі қоқыс шығарды.

«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Осы орайда, ТЖД сүңгуірлер көмегімен су астын қоқыстан арылтып, көз жауын алатын көгілдір көлге алыс-жақыннан ағылған  жазғы демалысын өткізушілерге қауіпсіз  ортада тазалықты қамтамасыз ететін болады. Осы арқылы су асты ластанбауын қатаң қолға алған төтенше жағдай қызметкерлері: «Таза Қазақстан» акциясы барысында жердің беті ғана емес, өзен-көл асты да назардан тыс қалмауы керек» дей отырып, жетісулықтарды тазалыққа шақырды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: