Жетісулық лауазымды тұлғалар әжетханалар салуға арналған 74,7 млн теңгені жымқырған

17 Қазан, 11:25 506

Жетісу облысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымы директоры сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық прокуратура мәліметінше, Сарқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры туристік объектілердегі санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатуға арналған 74,7 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған.

Тексеріс нысан іске қосылмағанын, ал бөлінген қаражат шығындалып кеткенін көрсетті. Сарқан ауданының прокуратурасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа дейін жеткізілді. Сот үкімімен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры түрлі мерзімдегі бас бостандығынан айыру жазаларына сотталды, - делінген мәліметте.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: