Жетісулық дәрігер Меккеден қайтқан ұшақ жолаушысын аман алып қалды

29 Қаңтар, 11:37 611

Сауд Арабиясынан Алматыға ұшып келе жатқан ұшақта ерекше оқиға болды. Павлодарлық азамат Мурат Имангазинов Жетісулық дәрігер Жаннур Сырымовтың арқасында аман қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аллергиялық реакцияның кесірінен өміріне қауіп төнген.  Алайда,  Жаннур Сырымовтың жылдам әрекеті мен кәсібилігінің арқасында Мурат аман қалып, Алматыда медициналық көмекке жүгінді.

Мурат Имангазинов Меккеде қажылық сапарын тәмамдап, Джиддадан Алматыға ұшып келе жатқанда, жағдайы күрт нашарлайды. Тұмауға қарсы бірнеше дәрі қабылдағаннан кейін оның беті ісіп, тыныс алу қиындай бастады. Айтуынша, ұшақ 10 мың метр биікке көтерілгенде оған дем жетпей, жағдайы күрт нашарлаған. Қырғызстандық бортсерік дереу экипажға хабарлап, дәрігерді шақырды.

Қуанышқа орай, ұшақта Жетісу облысының Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жаннур Сырымов болған. Ол дереу сигналды естіп, тәжірибесін пайдаланып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жаннур Мавленович кәсіби біліктілігін танытып, төрт сағат бойы жолаушының өмірі үшін күресіп, Алматыға жеткенше жанында болған.

Бұл аллергиялық реакция екенін бірден түсініп, дереу әрекетке көшкеніме қуаныштымын. Беті мен мойыны қатты ісіп, тыныс алу қиындап, қан қысымы көтерілді. Мұндай жағдайлар үшін мен әрқашан дәрілерді өзіммен алып жүремін, — деді дәрігер.

Жаннур Сырымов — 15 жылдық тәжірибесі бар уролог және трансплантолог. Ол Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында және Талдықорғандағы ауруханада жұмыс істеген. Еңбек жолын санитарлық фельдшер ретінде бастаған дәрігер бүгінде туған жерінде  қызмет етіп жүр.

Бұл мүлде күтпеген жағдай болды, әуеде медициналық көмек көрсетемін деп ойламадым. Бірақ мен әрқашан осындай жағдайларға дайын болдым, — деп қосты ол.

Жаннур Сырымов бортсеріктің де көрсеткен көмегін ерекше атап өтті, олар бірге жұмысты үйлестіріп, қиын сәтте жолаушыға көмек көрсетті.

Алматыға қону кезінде ұшаққа жедел жәрдем бригадасы келіп, науқасты ауруханаға жеткізді. Оның жағдайы тұрақталып, көп ұзамай Павлодарға қайтты. Бұл оқиға дәрігердің кәсібилігі мен адамгершілігін көрсететін нағыз ерлік мысалы болды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: