Жетісуда экоакция аясында 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

22 Қазан 2023, 13:27 574

Жетісу облысында Республика күнінің қарсаңында «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» аясында экологиялық сенбілік өткізілді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Сенбілік аясында барлық аудан-қалаларда 28 мыңдай адам елді мекендерді тазалауға шықты. Шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, Талдықорғандағы коттедж қалашығының маңына ағаш екті. Осы күні облыста 2 мың тонна қоқыс шығарылып, 6500 жапырақты және қылқанжапырақты жас көшет отырғызылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сенбілікке елді мекендердің белсенді тұрғындары, экоактивистер, еріктілер, мемлекеттік, бюджеттік және басқа да ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Саябақтарды, скверлерді, су айдындарын, жеке және көп пәтерлі тұрғын үйлердің маңындағы аумақтарын, көшелерді, тротуарлар мен арықтарды тұрмыстық қалдықтардан, өсімдік қоқыстарынан және құрғақ шөптерден тазартты. Экоакцияға барлығы 27 742 адам қатысып, 312 арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 1120 км автомобиль жолы, 400 км арық желілері тазартылды, 2002 тонна қоқыс шығарылды және 6456 ағаш көшеті оның ішінде 5956 жапырақты, 500 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды.

Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, сенбілікке  6 мыңнан астам адам шығып, 38 бірлік техника тартылған. Осы күні қала аумағында 200 үйеңкі ағашы отырғызылған.

Сенбілік соңында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

- Бүгін бүкіл облыс бойынша сенбілік жарияланды. Себебі биыл күз ұзаққа созылып, маңайды тазарту шараларын жиі ұйымдастыру қажеттігі туындады. Табиғат-Ананың өзі тазаланып тұрғанды ұнатады. Бүгін облыс бойынша мемлекеттік органдардың, түрлі салалардағы мекемелердің қызметкерлері тазалық шарасына қатысып жатыр. Біз қазір Талдықорғандағы коттедж қалашығының маңына бұған дейін алдымен суару жүйесін жүргіздік, бүгін сенілік аясында ағаш егіп жатырмыз. Бұдан кейін брусчатка төсеп, орындықтар қойып, абаттандыру жұмысын жалғастырамыз. Осы коттедж қалашығында бітпей тұрған үйлердің құрылысын келесі жылы аяқтап, қолданысқа береміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы әр көктемде жаз бен күзде туған ауылымыз бен қаламызды тазартып отыруға әрқайсымыз да атсалысуымыз керек, - деді Б.Исабаев.

Асқар Таудай
Бөлісу: