Жетісу облысының барлық мектебі интернет желісімен қамтылған

17 Тамыз, 00:26 622

Бұл ретте ғаламтор жылдамдығын кеңейту мақсатында «Starlink» технологиясымен ауылдық жерлердегі 55 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы жайында бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында өткен педагогтердің тамыз кеңесінде айтты.

Кеңесте сөйлеген сөзінде Бейбіт Исабаев білім беру саласына цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге ерекше мән берілуі тиіс екенін атап өтті.

Бүгінгі көрмеде түрлі секцияларға баратын мектеп оқушыларының ІТ-жобаларымен таныстым. Заманауи технологиялар саласындағы осындай жобалар іс жүзінде пайдасын тигізсе, балалардың қызыққан ісін болашақта мамандық ретінде таңдауына ықпалын тигізер еді. Облыста барлық мектептер интернет желісімен қамтылған. Ғаламтордың жылдамдығын арттыру мақсатында «Starlink» технологиясымен ауылдық жерлердегі
55 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылды, - деді облыс әкімі Б.Исабаев.

«Starlink» технологиясы арқылы сапалы интернетке қол жеткізген 55 ауылдық білім ошағының бірі Көксу ауданы Ақтекше ауылындағы Ақын Қабан жырау атындағы мектепте информатика пәнінен сабақ беретін Әділет Абдиманап қазір интернеттің жылдамдығы едәуір жақсарғанын айтады:

Көксу ауданында 8 мектепке, соның ішінде мен жұмыс жасайтын Ақын Қабан жырау атындағы мектепке «Starlink» жүйесі қойылды. Бұрын интернет өте әлсіз болатын. Қазір оның жылдамдығы - 150 мб/сек. Соның арқасында мұғалімдер сабақта цифрлы платформалармен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Оқушылардың да қажетті ақпараттарға қолжетімділігі артты. Ауыл мектебіне осындай заманауи мүмкіндік жасалып жатқанына қуанамыз, - деді
Ә. Абдиманап.

Кеңесте белгілі болғандай, облыста  BilimLand, TestterKZ, TopIQ, Білімцентр, Itest.kz, Daryn.online білім беру платформалары кеңінен қолданылады. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы оқушылар үшін өңірде 137 мектепте «Цифрлық ұстаз» жобасы іске қосылып, балалардың білімге құштарлығын арттыратын пайдалы контент жинақталмақ. Оған қоса электронды журнал жаңа оқу жылынан бастап «Kundelik.kz» жүйесінен отандық «BilimClass» жүйесіне көшіріледі. Қазақстандық мамандар даярлаған бұл жергілікті өнімді пайдалану мемлекет үшін де, ата-аналарға да тегін. «BilimClass» тек электронды журнал ғана емес, цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізе алатын мектепті басқарудың кешенді отандық жүйесі болмақ.

Жетісуда биыл жергілікті бюджет есебінен «ақпараттық технологиялар» мамандығына гранттар бөлінді. Сол сияқты Талдықорған политехникалық колледжінде дронды басқаруға қатысты «Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе» мамандығы ашылған. Бұл – ауыл шаруашылығы мен төтенше жағдайлар салаларына қажет мамандық.

Тағы бір атап өтерлігі, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мен жемқорлықтың алдын алу мақсатында жыл басынан білім беру ұйымдарының қаржылық жүйесі «Фаворит» платформасына көшті.

Зарина Арман
Бөлісу: