Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ Олимпиаданың күміс жүлдегері, палуан Демеу Жадыраевты қабылдап, «Жетісу облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық әкімдік мәліметінше, анасы Күлипа Бижановаға салтанатты түрде құрмет көрсетіп, Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілтін табыстады.
«Алып анадан туады», халқына лайықты перзент бола білген осындай ер азаматты тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін ең алдымен Демеудің анасы, Сізге алғысымызды білдіреміз. Құрметтің үлкені, сыйдың төресі ең алдымен анаға жасалуы керек, - деді Бейбіт Исабаев.
Облыс басшысы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары – спортшының алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғамбеков және жеке бапкері Боранбек Қоңыратовқа да ризашылығын білдіріп, қаржылай сыйлықтар тапсырды.
Жетісу жұртшылығы жерлестерінің Олимпиададағы боз кілемге шыққан әр қадамын қалт жібермей қарап, тілектес болып отырғанын айта келе Бейбіт Исабаев:
Бұған дейін де Азия, Әлем чемпионаттарында жүлделі орындар алып жүргеніңді білеміз. Дегенмен Олимп шыңын бағындыру – кез келген спортшының басты арманы. Сол арманыңа сені өзіңнің қажыр-қайратың, табандылығың, жаттықтырушыларыңның еңбегі, туған елдің тілектестігі, ең бастысы абзал анаңның ақ батасы жеткізді, - деді.
Өз кезегінде Демеу Жадыраев алдымен анасына ерекше құрмет көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Анамды арнайы шақырып, құрметтеп, баспана сыйлап жатқандарыңызға көп рахмет айтамын. Кезінде Талдықорғанда Жақсылық Үшкемпіров атындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернат мектебінде төрт жыл оқып, сол жерде қанатымыз қатайды, үлкен спортқа қадам басуға көпір болды. Туып-өскен жеріміз «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атану мен үшін үлкен мәртебе, - деді Демеу Жадыраев.
Еске салсақ, грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Демеу Жадыраев – Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылының тумасы. Оның спорттағы алғашқы қадамы Үшарал ауылындағы мектепте күрес секциясына қатысудан басталған. Бұл секцияда оған күрестің бастапқы әліппесін үйреткен жаттықтырушы Жұмахан Тұрғамбеков болды.
Кейін 2003-2007 жылдарда Демеу Жадыраев Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернат мектебінде оқыды. Бұл мектептен Мират Сәрсенбаев, Карина Горичева, Игорь Сон, Ильфат Абдуллин сияқты әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері шыққан. Осылайша Жетісу жерінен басталған спорттағы жол үлкен даңғылға ұласып, Демеу Жадыраев биыл Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында күміс медальға ие болды.