Жетісу облысында Жас құтқарушылардың кадет сыныбы ашылды

2 Ақпан 2023, 10:47 2418

Бұл туралы Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті

Жетісу облысының Текелі қаласында жас құтқарушылардың кадет сыныбының ашылу салтанаты өтті. Кадет-құтқарушылар қатарына Текелі қаласындағы №4 орта мектептің 4-сыныбында оқитын 30 оқушысы қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кадет сыныбының ашылу салтанатына Жетісу облысы ТЖД бастығы полковник Бауыржан Ізбасаров, Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ, білім басқармасының өкілдері қатысты.

Оқушылар мен мектеп ұжымы қонақтарға таныстыру экскурсиясы мен концерт дайындады. Жаңа  кадеттер салтанатты түрде Отанға адалдық антын қабылдап, арнайы куәліктер алды.

- Енді сіздер тек мектеп оқушылары емессіздер. Сіздер форма киіп, ант бердіңіздер, бұл сіздерге белгілі бір жауапкершілік жүктейді.  Өз жолдарыңызды енді таңдап келе жатқан азаматсыздар. Кадет сыныбы мен мектептің абыройын  әрқашан дәріптейтіндеріңізге мен сенемін! - деп өз сөзінде ТЖД бастығы Бауыржан Ізбасаров айтты.

Кадет сыныбының оқу бағдарламасына азаматтық қорғау, алғашқы әскери дайындық, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету саласындағы және факультативтік сабақтар кіреді. 

Айта кетейік, бұл облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен Білім басқармасының бірлескен бастамасының арқасында құрылған Жетісу облысындағы екінші сынып. Алғашқы "Жас құтқарушы" кадет сыныбы Ақсу ауданында 2021 жылы ашылған.

EL.KZ
Бөлісу: