Жетісу облысында қант зауыттары күніне 5 мың тонна өнім қабылдап жатыр

21 Қараша, 04:35 401

Жетісу облысында себілген 13,7 мың гектар қант қызылшасының бүгінгі күні 11,5 мың гектарынан 545 мың тонна өнім алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалған 2,2 мың га алқаптарда жиын-терін жұмыстары жалғасуда, қызылшаны қазуға 80 комбайн жұмылдырылған, Ақсу және Көксу қант зауыттары күн сайын орта есеппен өнім тиелген 250 автокөлікті қабылдауда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 18 қарашадағы мәліметінше,  қант зауыттарына 445 мың тонна өнім өткізілген. Соның 212 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 233 мың тоннасы Ақсу зауытына, оның сыртында Ақсу қант зауытына 29 мың тонна Жамбыл облысынан жеткізілген. Қазылған қант қызылшаның 100 мың тоннасы шаруашылықтардың егістік алқаптарында буртта жинақталған, қазылатын 2,2 мың гектардан 95 мың тонна қызылша жиналады. Жалпы облыс бойынша жиналатын қызылшаның көлемі 640 мың тоннаға жеткізіледі деп күтілуде.

Қант қызылшасына берілетін субсидия көлемі ұлғайтылған соң бұл дақылды өсірудің табыстылығы да өсіп, шаруалардың қызығушылығы артты, сөйтіп биылға жоспарланған 10,7 мың гектардың орнына 13,7 мың гектарға, яғни 3,0 мың гектарға артық себілді. Шаруалардың өсірген өнімін дер кезінде қазып алып, зауыттарға өткізуі аса маңызды. Сондықтан  өнімді жинау және қабылдау 15 қыркүйектен басталды. Қазір екі зауыт бекітілген кестеге сәйкес күнделікті жалпы 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап отыр, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Қызылша өткізуге кезекте тұрған көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасау үшін оларға ыстық тамақ ұйымдастырылуда. Бұл іске зауыттар орналасқан Көксу, Ақсу аудандарымен қатар қызылша өсіруші барлық аудан-қалалардың жергілікті атқарушы органдары да атсалысып жатыр.  

Зарина Арман
Бөлісу: