Жетісу облысында қанша гектар қызылша егілді?

12 Шілде 2023, 13:15 1404

Жетісу облысында Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет қаулысымен «Қант саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітіліп, нақты іс-шаралар атқарылуда. Биыл тәтті түбірдің алқабын артып, қант қызылшасы шаруашылығын мықтап қолға алынды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

     Мәселен, биыл Ақсу ауданында қант қызылшасы тұқымы 1200 гектар алқапқа сіңірілген. Қазір алқапта күтіп-баптау жұмысы жүруде. Одан алдағы күзде 42 мың тонна өнім алынады деген болжам бар. Жуырда Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев Б. Сырттанов ауылындағы «Әлихан» шаруа қожалығының егіс алқабында «Тәтті түбірді өсіру технологиясы мен қант қызылшасын зиянкестерден қорғау схемасы» тақырыбында өткен Дала күні шарасына барып келген еді. Облыста қант қызылшасын өсіруді дамыту үшін жиналған мамандар тәжірибе алмасып, алқапқа қолданып жатқан нәтижелерін көрсеткен еді. Мұндай шаралар облыста жиі ұйымдастырылып тұрады. Себебі, ауыл шаруашылығын өркендету үшін тәжірибе алмасу маңызды. Мамандар да биыл қант қызылшасын егіп, мол өнім алуды көздеп отыр.  Солардың бірі – Жансүгір ауылының тұрғыны балтамыр өсіруде мол тәжірибе жиған «Әлихан» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Айтмұхамбетұлы.

Мемлекет тарапынан қант қызылшасына бөлінген қаржы қомақты, қолдау да ойдағыдай. Биыл шаруа қожалығына тиесілі алқаптың 100 гектарына қант қызылшасын ектік. Күзде 70-80 тоннадай өнім алуды жоспарлаудамыз,– дейді шаруашылық жетекшісі Асқар Кәріпов.

     Мол өнім алу үшін 120 гектар алқапқа арпа, 93 гектарға майбұршақ, 40 гектарға көпжылдық шөп еккен шаруашылықтың қадамы нық. Ауа-райының мүмкіндігін дер кезінде пайдаланғандықтан болар егістік алқабы  ұқыпты  қолдан шыққандығын  айғақтап тұр. Сонымен шаруаға қажет техникаларды сайлап алған шаруашылықтың есебі түгел. Науқанның қызу кезінде жұмыс қолы жетіспегендіктен тағы 10 адамды жұмыспен қамтиды. Осылайша ерте көктемнен басталған дала жұмысы қара күзге дейін толастамақ емес.

Қаратал ауданында да егін егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде негізінен қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға басымдық берілмек. Мұндағы тәтті түбір алқабы 1,9 есеге артып, 8,1 мың гектарға жеткен. Осыған орай, қант қызылшасы шаруашылығын мықтап қолға алып, жүйелі жұмыстар істеп отырған «Бақыт – Қаратал» ЖШС  бардық.

Шаруа қожалығына тиесілі қант қызылшасы алқабында жұмыс қызған. Егіс алқаптарында қажетті техниканың барлығы бар. Алдағы жылы техникаларды жаңарту жоспарлануда. Шаруашылықта тұрақты 40 жуық адам жұмыс істейді. Барлығы білікті қызметкерлер. Ал маусым кезінде жұмысшылар саны артады. Науқан қызған шақта 100-ден астам жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады. Шаруа қожалығының басшысы Серікжан Бақытұлының бастамасымен 1000 гектар суармалы жерге түрлі дәнді дақылдар егілген. Атап айтсақ, егістіктің 110 гектар жеріне Көксу қант зауытының «тәтті түбірі», 135 гектарына америкалық және Украинадан алынған 3 түрлі жүгері себілуді. Сонымен қатар, 305 гектарға күнбағыс, 312 гектар жерге көпжылдық шөп пен жаздық бидай, 25 гектарға жаздық бидай, 20 гектарға арпа, 20 гектарға «суданка» шөбі егілген. Шыбықтан шынар өсіріп шығаратын еңбекқор жандар күзде мол өнім алуды көздеп отыр.

Қызылша егіп, өсірудің барлық қиындығына төтеп беріп, маңдай терлетіп жүрген шаруашылықтарымыз облыста аз емес. Мәселен, биыл Ескелді ауданындағы «Дюсенбинов А.» ШҚ 215 гектар, «Хльниченко и К» ШҚ 238 гектар, «Демеу» ШҚ 115 гектар, «Сарыев С» ШҚ 80 гектар, «Ж-Анар» ШҚ 75 гектар, «Есимжанов М.А.» ШҚ 68,3 гектар, «Романенко В.П.» ШҚ 50 гектар, «Нам Г.Н.» ШҚ 75 гектар, «Несипбаев А» 50 гектар, «Климантович В.А.»  50 гектар, «Мирас» ШҚ 50 гектарға қызылша егеді. Ақсу ауданында да ерекше қырынан танылып жүрген қожалықтар бар. Атап айтқанда, «Аюхан» ШҚ 100 гектар, «Ақсу қант зауыты» ЖШС 60 гектар, «Даулет Б» ШҚ 60 гектар, «Жақсылық» ШҚ 55 гектар, «Алихан» ШҚ 40 гектар, «Зейін» ШҚ 40 гектар, «Дидар» ШҚ 30 гектар алқапты осы дақылға арнаған. Ал Қаратал ауданында «Гладиус Қаратал» ЖШС 100 гектар, «Бақыт Қаратал» ЖШС 80 гектар, «Молжигитова» ШҚ 80 гектар, «Егемендік» ШҚ 70 гектар, «Хан Л.В.» ШҚ 50 гектар алқапқа тәтті түбір өсіреді. Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ШҚ оны 500 гектар жерге сеуіп, өңір экономикасының өсуіне атсалысуда. Көксу ауданында да қызылша өсірушер көп. Мәселен «Алаң» ШҚ 220 гектар, «Қыдырәлі» ШҚ 134 гектар, «Құрақты» ШҚ 130 гектар, «Алим Таяр» ШҚ 111 гектар, «Кең дала» 86 гектар, «Жалайыр» ШҚ 85 гектар, «Қайнар Көксу» ШҚ 80 гектар, «Балпық» ЖШС 80 гектар, «Құралай» 40 гектар, Сарқан ауданында «Мұхамади» ШҚ 135 гектар, «Алмалы» ШҚ 100 гектар, «Муханов К» ШҚ 100 гектар, «Абылқасымов» ШҚ 110 гектар, «Полухин Е.Ю.» 70 гектар, «Гүлдәурен» ШҚ 50 гектар, «Самал» ШҚ 57 гектар, «Мадияр» ШҚ 50 гектар, «Бекишов» ШҚ 50 гектар, «Сұлтан» ЖШС 40 гектар, Талдықорған қаласындағы «Жер ана» АШӨК 70 гектар жерге қант қызылшасын өсіреді.

Қант қызылшасынан мол өнім алуға агротехнологияларды сақтаумен қатар суды үнемдеу технологияларын қолданудың да үлкен үлесі бар. Жалпы, өңірде егістікті суаруға қажетті судың тапшылығы мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілу үстінде. Атап айтқанда, суару жүйелері мен гидротехникалық нысандардың тозуы мен суармалы алқаптардың көлемінің ұлғаюына байланысты аталған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы өңірде 10 су шаруашылығы нысаны жөнделуде. Атап айтқанда Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында және Талдықорған қаласында суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қызылағаш алабында жаңа суару жүйесінің құрылысы басталды, сондай-ақ жақын арада Көксу ауданының суару желілері де жаңартылмақ. Кербұлақ ауданында Енкөл, Аралтөбе су қоймаларына және Сарқан ауданындағы 2 магистральдық каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру арқылы 30 мың гектар суармалы алқапты қалпына келтіруге және осы алқаптарды сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта су шаруашылығында қосымша 15 жобаны іске асыру жоспарда бар. Көксу ауданында (1, 2 кезең), Алакөл ауданында (1, 2 кезең), Кербұлақ ауданында суару жүйелерін қалпына келтіру бойынша 5 жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Сондай-ақ Ақсу ауданында (Бүйен), Ескелді ауданында (Балықты), Көксу ауданында (Быжы), Панфилов ауданында (Қорғас, Тышқан, Өсек) су қоймасын салудың және Сарқан ауданында бөгет құрылысының жалпы 7 техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ескелді, Сарқан аудандарында 3 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұл өз кезегінде 45 мың га жерді суармалы сумен қамтуды жақсартуға және айналымға жаңадан 24 мың га жерді енгізуге мүмкіндік береді.

Шаруашылықтардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биыл егін шаруашылығы бағытына 7,9 млрд. теңге бөлініпті. Яғни, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 млрд. теңгеге жоғары. Оның ішінде минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді, басым дақылдарды, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын субсидиялау бар. Жоғарыда атап өткенімдей, қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтардың сатып алып, қолданған минералды тыңайтқыштары мен пестицидтері, тұқымдары үшін субсидиялар қарастырылған. Сонымен бірге, өткізілген 1 тонна қант қызылшасының субсидиялау нормативі 15-тен 25 теңгеге көтерілді. Нәтижесінде 1 тонна қызылшаның бағасы 40 мың теңгені құрайды. Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,2 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, мақұлданды. Көктемгі дала жұмыстарына аграрлық несие корпорациясының 2 бағдарламасы бойынша 2 583,7 миллион теңге алуға 109 өтінім мақұлданып, 82 өтінім берушіге 1 690,8 млн. теңге несие бөлінді. Соның ішінде «Кең далаға» 48 өтінім бойынша 800,0 миллион теңге «Агробизнеске» 34 өтінім бойынша 890,8 миллион теңге берілді. Жалпы облыста күзгі жиын-терінді уақытылы жүргізетін техникалар да жеткілікті дейді мамандар.

Басқармамен жүргізілген инвентаризация бойынша облыс аумағында қант қызылшасы дақылын егетін сепкіштердің саны 66 дананы құрайды. Сонымен бірге, облыс бойынша қант қызылшасының күзгі жиын-терініне 61 дана комбайн қатысады деп жоспарлануда, оның ішінде өздігінен жүретін комбайндар 22, тіркемелі комбайндар 39 (Ақсу 14, Ескелді 15, Қаратал 6, Көксу 13, Сарқан 11, Кербұлақ 2 дана). Аталған техникалар жиын-терінді уақытылы жүргізуге септігін тигізеді. Жалпы, техникадан таршылық жоқ, - дейді Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Айдар Қалиев
Бөлісу: