Жетісу облысында пробациялық бақылаудағы азамат кәсіп ашты

Кеше, 22:15 97

Жетісу облысында пробация есебіндегі азамат 1,5 млн. теңге қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіп ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көп балалы әрі жалғызбасты әкенің жеке бизнесін бастауына аудан әкімдігі мен жергілікті прокуратура мұрындық болып отыр. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Қаратал ауданының тұрғыны бес баланың әкесі, пробация бақылауындағы Бекзат Өтежанов тағдырдың қиындығымен күресе жүріп, ол отбасының тіршілігі үшін өзінің жекеменшік шиномонтаж орталығын ашуды көптен бері ойлағанын айтады. Оның бұл арманының орындалуына  мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың үлкен көмегі тиген.

Бұған дейін де автокөлік дөңгелектерін жөндеумен 12 жыл айналыстым. Бірақ ол кезде ғимаратты жалға алып жұмыс істедім. Әрине, өзіңнің жеке орталығың болғанға не жетсін. Кейін мемлекеттен грант берілетінін естіп, құжат тапсырдым. Сөйтіп 1,5 млн. теңге көлемінде грант алдым. Ағайын-туыстарымның көмегімен Үштөбе қаласында лайықты ғимарат салдық, гранттың қаражатына дөңгелек жөндеуге керекті арнайы құрал-жабдықтар сатып алдым. Жаңадан ашылғаннан кейін әзірге келушілер көп емес, бірақ өңірде автокөлік көп болғандықтан, бірте-бірте клиенттер қатары да көбейеді деп ойлаймын, сол кезде жаныма бір адамды жұмысқа алсам деген жоспарым бар, - дейді Б. Өтежанов.

Қаратал аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жалпы ауданда жыл басынан бері 58 адам қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, соның 18-іне оң шешім шығарылып, олар мемлекет қолдауына ие болған.

Жалпы Жетісу облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60,7 бірлік болса, осы салада жұмыс істейтін азаматтардың саны 104,7 мың. Салада өткен он айда өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтердің көлемі 491,5 млрд.  теңгені құрады. Бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылғы деңгейімен салыстырғанда 1,3 есе өсті. Қазіргі кезде ШОБ-дағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 33 % асады.

Зарина Арман
Бөлісу: