Талдықорған қаласында мотоциклші орталық көшеде жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жетісу облыстық полиция депаратментінің мәліметінше, оқыс оқиға кезінде ер адам алған жарақатынан көз жұмған.
Әлеуметтік желіде осы оқиға туралы бейнежазба тарады. Ресми мәліметке сәйкес, жол апаты 4 тамыздан 5тамызға қараған түні Назарбаев даңғылында болған көрінеді. Мотоцикл тізгіндеген жігіт 58 жастағы жаяу кетіп бара жатқан адамды қағып кеткен.
Honda CBR 600FA маркалы мотоциклді 32 жастағы ер адам жүргізген. Ол болса марқұм болған жолаушының рұқсат етілмеген жерден өткенін айтып отыр.
Түрлі дене жарақатын алған жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барын салғанымен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады, - деп жазылған ПД таратқан ақпаратта.
Аталған дерекке сәйкес, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тексеріліп жатыр.