Жетісу облысы төтенше жағдай департаменті Ескелді ауданындағы су тасқыны жайлы соңғы ақпаратты жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі уақытта Ескелді ауданының Абай және Ешкіөлмес ауылдарында инженерлік және аулалардан су сору жұмысы жалғасып жатыр.
Мамандар тасыған суды Абай және Ешкіөлмес ауылдарының суару каналының арнасына қайта бағыттап жатыр.
Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жедел штабтың шешімімен 7 топ құрылды, олар су басқан аулалар мен үйлерді тексеруде. Сел тоқтады. Жұмыс басталғалы бері 1,5 мың дана қап дайындалды, олар қажетіне қарай төселеді. Қазіргі уақытта 3456 текше метр су сорылған, - делінген хабарламада.