Жетісу облысында денсаулық сақтау саласында 94 нысан салынады

25 Маусым, 02:28 500

Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан салынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде салынады, сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Бұл ретте нысандардың 27-сі блокты-модульді құрылыс болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде 40-тан астам нысан салынған. Осы орайда 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 22 БМК медпункт салынған. Биыл денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайып, 92,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Соған сәйкес жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93%-ға жетіп отыр. Мұның бәрі өз кезегінде жергілікті жерлерде дұрыс диагностикалау мен сапалы емдеуге, сырқаттың алдын алуға оң ықпалын тигізеді, – дейді басқарма мамандары.

Өткен жылы 3,1 млрд теңгеге 300 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған, биыл да осы мақсатқа 4,7 млрд теңге қарастырылып отыр.

Зарина Арман
Бөлісу: