Жетісу облысында биыл төрт түлік малдың саны 3 миллионға жетті

13 Маусым 2023, 14:51 715

Ірі қара – 613,3 мың, қой-ешкі – 2,183,5 мың, жылқы – 201,4 мың, түйе – 2,1 мың. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осының арқасында ет өндірісі 28,6 мың тонна, сүт өндірісі 87,3 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда артқан.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,8% өсіп, 544 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланған. Осы саланы бұдан әрі дамыту үшін 2027 жылға дейін құны 57,9 миллиард теңге болатын 53 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр, 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «Ірі жобалар» пилоттық жобасы аясында 44,8 миллиард теңгеге 18 жоба көзделсе, биыл 400 басқа арналған, 2 миллиард теңгелік тауарлы-сүт фермасы салына бастайды. Бұл нысан 2024 жылы іске қосылады деп межеленген.

Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде 3,2 миллиард теңге бөлінді, 562 үміткерден пул қалыптастырылды, - деді ол.

Жетісу облысында 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфельге құны 1,6 триллион теңге болатын, 7,1 мың жұмыс орны құрылатын 146 жоба іске қосылды. Облыс құрылғаннан бері жалпы құны 38 миллиард теңгелік бір мыңнан астам жұмыс орны бар 47 жоба іске асырылса, соның ішінде ішінде 1,7 миллиард теңгеге 68 жұмыс орны бар 8 жоба жыл басынан бері жүзеге асырылған.

Он жылдам астам уақыттан бері тоқтап тұрған жоғары маркалы кремний өндіретін, қуаты 6 мың тонналық «Kazsilicon» зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Оған 3,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 210 жұмыс орны ашылды. Текелі қаласында темірді тікелей қалпына келтіретін, қуаты 20 мың тонналық «Электромарганец» зауыты жұмыс істей бастады. Жаңғыртудан өткізілген Ақсу қант зауыты осы жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр, - деді Исабаев.

Бұдан бөлек, Көксай кен орны мен тау кен байыту комбинаты құрылысының жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Комбинаттың
қуаттылығы 50 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы. Оған 976 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2300 жұмыс орны құрылды. Комбинат 2026 жылы іске қосылады.

Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы Жетісу облысы экономикасының дамуына тың серпін береді. Оның аумағында 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 570 млрд теңгелік 30 жобаны іске асыру межеленген.

АЭА-да ҚХР-мен бірлесіп «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды технопарк құрылысының жобасы
қолға алынуда. Аумағы 1000 га болатын жобаға 330 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Жобаны жандандыру туралы меморандум жасастық, жыл соңына дейін құрылыстың бірінші кезеңін бастау жоспарланып отыр, - деді Исабаев.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, өңірдің аграрлық бағытын ескере отырып, АЭА аумағында Қытайдағы жаңбырлатып суару жүйесінің ірі
өндірушісі «VODAR» компаниясы құны 20 миллион доллар болатын ирригациялық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Алғашқы желісі биыл іске қосылады. Сонымен қатар облыстың шекаралық аймақта орналасуын тиімді пайдалану үшін көлік-логистикалық салада Dostyk TransTerminal», «DARRAIL Infrastructure», «ETT Dostyk» компанияларының 3 жобасы қарастырылған. Яғни көп функционалды жүк тиеу терминалының құрылысы жүргізіледі, құны 57,3 млрд теңге, жалпы қуаты 11 млн
тонна немесе 630-700 мың контейнер.

Еске салсақ, 3 жылдық үзілістен кейін «Қорғас» ХШЫО өз жұмысын қайта бастаған болатын. Жұмыс режиміне өзгерістер енгізіліп, тауар тасымалдаудың жаңа нормалары бекітілген. Қазіргі кезде Үкіметтің қаулысымен «Қорғас» ХШЫО әкімдік балансына берілді.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: