Жетісу облысында әлеуметтік сауда орындарының саны 12-ге жеткізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Талдықорған қаласында 7 стационарлық әлеуметтік нүкте, оның ішінде 5-уі әлеуметтік дүкен болса, қазір тұрғындарға ыңғайлы болу үшін тағы 5 көше сауда нысаны қосылып жатыр. Жетісу өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың екі тетігі бойынша 18 мың тоннадан астам өнім қоры бар. Оның 1485 тоннасы картоп. «Жетісу» ӘКК тауарлық интервенцияларды тұрақты негізде әлеуметтік пункттерінде келісім-шарт бойынша азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.
«Жетісу» ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын көкөніс өнімдерінің, оның ішінде картоптың қорын қалыптастырады. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен келісім-шарт жасап, өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және өндіретін шаруашылық жүргізуші субъектілерді жеңілдікпен несиелеу бойынша жұмыс жүргізеді.
Мәселен, 2023-2024 жылдарға арналған жоғарыда аталған тетіктерді жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 9 млрд. қаржы қарастырылды. Көрсетілген мерзімде бөлінген қаражатқа 31,2 мың тонна өнім жеткізуге келісім-шарт жасалды. Оның бүгінгі таңда 12,6 мың тоннасы сатылды. Қазіргі таңда қорда 18 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары бар. Атап айтар болсақ, әлеуметтік нан, І сортты ұн, қант, күріш, кеспе (макароны) күнбағыс майы, қарақұмық, тұз, тауық еті, жұмыртқа, сиыр еті, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат.
Картоп бағасының көтерілуіне байланысты осы кезеңде тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенция жүргізіп жатырмыз. Картоптың бағасы 180 теңгеден аспайды. Осы кезеңде Талдықорған қаласында әлеуметтік дүкендерді қосқанда 7 стационарлық әлеуметтік пунктіміз бар. Сонымен қатар, облыс әкімінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әлеуметтік сауда орындарын көбейту бойынша жедел шаралар қолға алынды. Біз 5 сауда нүктесін ашып жатырмыз, соның ішінде 2-уі жұмыс жасап тұр. Әзірге бұл қосымша сауда орындары алдағы 2 айда тұрақты жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз, – деді «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Альмира Ибраимова.
Қала орталығындағы жаңа әлеуметтік сауда нүктесінің жұмысы жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленіп үлгерді. Талдықорған қаласының тұрғыны Эльмира Смағұлова әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушысы екенін жеткізді.