Жетісу облысында әлеуметтік осал топтар санатындағы 57 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, Талдықорғанда 37 жаңа пәтердің, Сарқан қаласында 20 жеке тұрғын үйдің кілттері тапсырылған.
Сарқан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, аудан орталығында баспана салу мәселесіне соңғы жылдары баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2022 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 5 қабатты 50 пәтерлі үй, өткен жылы «Болашақ» шағын ауданында екі қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұған қоса, ауданның әлеуметтік осал топтағы азаматтары үшін 24 тұрғын үй сатып алынып, берілді. Бүгін 20 үйдің кілті тапсырылса, бұдан бөлек, жақын арада осы типтегі 30 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі, - дейді Сарқан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әсет Қанапиянов.
Осы күні жаңа үйге ие болғандар қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы аналар, толық емес отбасылар, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер бар.
Сарқандық көп балалы ана Толқын Мантекова қоныстой қуанышына кенелгендердің бірі.
Тұрғын үй кезегіне 2019 жылы көп балалы ана ретінде тұрғанмын. Бүгін жаңа жыл қарсаңында арманымызға жетіп, үйлі болдық. Мемлекет тарапынан берілген үй кең, жайлы, қолайлы. Баспаналы болғанымызға әсіресе балаларым ерекше қуанып жатыр, - дейді.
Жалпы Жетісу облысында биыл тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы 56 көп қабатты мен 214 жеке тұрғын үй салуға бағытталды. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 млрд теңге бөлінген.