31 Шілде 2015, 05:43
«Жетісу» пилотаж тобы – 40 жылдан астам тарихы бар Талдықорған әуе базасы жанынан құрылған. Басқарма мамандарының айтуынша, «Жетісу» пилотаж тобының құрылуына алдыңғы кезекте ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Сорокиннің өзі мұрындық болған. Аталмыш топтың құрылуына атсалысқан өзге де азаматтар ретінде майдан авиациясының бастығы, ұшқыш полковник Тұралы Қойшықұловты айтуға болады.
– Әрине, Талдықорған әуе базасының ұшқыштар қауымы пилотаж құрамына кіруге үлкен қызығушылық білдірді, – дейді Майдан авиациясы жауынгерлік даярлық және жауынгерлік қолдану басқармасының аға инспекторы-ұшқыш полковник Ерлан Қозғұлов. – Пилотаж тобы несімен ерекшеленеді дегенге келер болсақ, бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін айырықша, тамаша өнер екенін мойындауымыз керек. Сол себепті «Жетісу» пилотаж тобы күллі Қарулы күштердің оның ішінде әуе қорғанысы күштерінің шамшырағы, жарық жұлдызы іспетті. Ата Заңымыздың 15 жылдығына арналған әскери шеруде дәл осы Талдықорған әуе базасынан түлеп ұшқан «Жетісу» тобының ұшақтары әскери шеруді қорытындылап, нүктесін қойған еді. Аспан әлемімен жарасым тапқан әскери әуе кемелері әуе күштерінің айбыны мен абыройын асқақтатып, әдемі де айшықты қимылдарымен әскери шеруге қорытынды жасайды.
Әскери шеру барысында зеңгір көкте еркелікке ерік берген алып әуе кемелерінің айырықша қозғалысы Астананың аспанына көрік бітіріп, тылсым күйге бөлегендей әсерде қалатынымыз жасырын емес. Мамандардың айтуынша, «Жетісу» дегдарлық пилотаж тобының ұшқыштары әр жолы аспан төрінде өткізілетін әуе шеруіне жаңа леп әкеледі. Тұңғыш рет әуе парадында олар соңғы толқынның ұшағы саналатын, жауынгерлік мүмкіндігі шексіз Су-27 ұшағымен жалғыз ұшу арқылы пилотаж өнерін тамашалатса, келесі жылы жұптасқан қос ұшақ, одан кейін топтасып өнер көрсету арқылы жыл сайын бір-біріне ұқсамайтын жаңашыл әдістерімен ерекшеленді. «Жауынгерлік тәртіппен әдемі пішін құрастыра тізіле ұшып өткен әскери ұшақтар байтақ еліміздің сұлу шаһары асқақ Астананың аспанында қалықтады. Бұл барша көрермен үшін өте тамаша көрініс болды. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Ата Заңымыздың 15 жылдығына арналған әскери парадта пилотаж тобындағы көптеген ұшқыштар өз ісінің шебер маманы екенін анық аңғартты. Ту-134 ұшағына ілесе ұшқан сегіз Су-27 ұшағы өте жақсы өнер көрсетті. Бұған қоса алты Су-27 ұшағының гүл жапырағы секілді «Лотос» фигурасын бейнелеу арқылы шашу шашқан сәті парадтың ең айшықты сәті болды», – дейді полковник Ерлан Қозғұлов.
2009 жылы болған әскери шеруде төрт ұшақ(Су-27) «қызғалдақ» гүлін бейнелеген болатын. Авиация мамандарының пікірінше, ұшқыштар құрамының белсенді алға басуы жыл өткен сайын аңғарылуда. Жауынгерлік даярлық, ұшу шеберлігін меңгеру қай қырынан алсақ та олар шыңдалу үстінде.
– «Жетісу» пилотаж тобының жігіттері үшін әлі алдағы уақытта да Елбасы мен халқымызға көрсетер өнерлері көп деп біліңіздер,- дейді полковник Ерлан Бекторұлы. – «Жетісу» пилотаж тобының дайындығы Жетісу жеріндегі киелі өңір Талдықорған топырағындағы әуе базасында өтеді. Пилотаж тобының арнайы дайындық жұмыстары арнайы оқу орталықтары не болмаса шет мемлекеттерде өтпейтінін ерекше атағым келеді. Яғни біздің мамандар өз жерімізде өз күштерімен дайындалады. Базалық білімдері, әскери саладығы өмірлік тәжірбиелері, ізденістерінің арқасында осындай жетістікке қол жеткізді. Осы орайда, шеберлікті шыңдаумен қатар біз шет елдік әріптестеріміздің қызығушылығын туғыза отырып, оларға да сынақ жұмысын жүргізуге мүмкіндік жасай алдық. Мәселен, Белоруссиядағы 558-ші Баранович атындағы авиациялық жөндеу зауытының маманы, ұшқыш-сынақшы полковник Владимир Кубчинскийдің ортамызда болғаны жайлы айтқанымыз абзал. Сол кісі тәжірибесімен бөлісті, мүмкіндіктерін көрсетті. Біздің ұшқыштар «Кадекс» әскери техникалар көрмесінде де аянып қалған жоқ. Тамаша өнер көрсеткенін бәріміз білеміз.
Полковник мырзаның айтуынша, пилотаж тобындағы ұшқыштар Отан қорғау жолында ел қатарлы қызмет жасап жүрген қатардағы әскери мамандар. Олар тек пилотаж өнерін шыңдау жолында ғана еңбектенеді екен деп түсінбеу керек. Олар күнделікті жауынгерлік міндеттері мен әскери тапсырмаларын уақытылы орындап, әрі пилотаж өнерін меңгеру дайындығын жіті жүргізумен қатар Отанымыздың әуе шекарасын қорғауда міндеттерін қалтқысыз атқарады.
Ерекше атап айта кетерлігі, жалғыз ұшу (солист) арқылы өнер көрсетуді пилотаж тобының ұшқыштарының барлығы меңгерген. Бүгінгі таңда пилотаж тобының құрамында өзгерістер орын алған. Топ басшысы подполковник Жұмашев Жәнібек, полковник Петручик Александр, подполковник Оразов Нұрлан секілді тәжірибелі ұшқыштар еңбектенуде.
«Пилотаж» тобының мәні неде деген сауалға келер болсақ, жоғарыда айтылғандай әуе қорғанысы күштерінің шоқ жұлдызы, элитасы саналатын осынау топ мүшелері атқаратын қиын да қызықты жұмыстың барысы Әуе қорғанысы басқарма саласының басшылығы, әуе базалардың басшылығы болсын ешкімді де бей-жай қалдырған емес. Тіпті оқуын енді ғана тәмамдап, қатарға қосылған жас мамандарды тыс қалдырмайды. Олар да белсенді атсалысып, бәрін өз көздерімен көреді. Келешекте біліп жүру үшін, пилотаж тобының жұмысы қалай жүзеге асатынын бел ортасында жүріп байқайды. Себебі, бұл екі буынды дәнекерлеуші жіп іспеттес. Дәнекер жібі үзілер болса, жалғастық болмай қалады. «Ешкім де мәңгі жасамайды ғой, ізбасар мамандарға табыс ету, үйрету бізге парыз. Бұл жалғасын табатын игі дәстүр», – дейді подполковник Оразов Нұрлан.
– Полковник Ерлан Қозғұлов өзін бақытты адаммын деп есептейді. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол ұшқыш болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін өнер дейді.
Алып техниканы басқарып, аспанға көтерілу оп-оңай жүзеге аспасы анық, – дейді полковник ағамыз. – Жәй ұшып өту бір бөлек, алдында айтып кеткенімдей ұшақта жалғыз өзің дербес ұшу арқылы шыр көбелек айнала біресе зеңгір көктің шыңына көтіріле, біресе құлдырай ұшу нағыз пилотаж өнерін тамашалату деген сөз. Сүйсіне тамашалаған адамға бәрі керемет, әдемі болып көрінері сөзсіз. Ал, сол алып әуе кемесінің ішінде отырған ұшқыш мүлде басқа сезімде болатынын айтып жеткізу мүмкін емес. Ерекше екпінмен аспанға ытқып шыққан адамның организмі өзге сферада басқаша жұмыс істей бастайды. Қан айналым жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Міне, сол себепті де біздер үшін әркез шыныққан шымыр болу басты талап. Себебі, ұшқышқа шамадан артық салмақ түседі. Сәл мүлт кетсең, түзелмейтін кемшілікке, қатерге әкеліп соғады. Алдыңғы кезекте бұл жерде өлшеусіз өмір мен аса қымбат авиациялық техника мәселесі тұр. Қарулы Күштер қатарында 30 жылдан астам уақыт қызмет жасасам соның 2000-нан астам сағаты аспанда өткен екен.
Иә, шынымен де Әуе қорғанысы күштерінің шамшырығана айналған «Жетісу» пилотаж тобы алдағы уақытта сан қырлы өнері, талай жақсы жаңалықтарымен қуанта береді дегенге сенім мол.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ