Жетінші жәрмеңкеде 500-ден астам бос орын ұсынылды

14 Шілде 2016, 10:16

Бос орындар жәрмеңкесі

Бүгін елордадағы М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараны Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Әкімдік биыл жалпы саны 12 жәрмеңке ұйымдастырмаққа бекінсе, бүгін өткен жәрмеңке – соның жетіншісі. Бұдан бұрын өткізілген жәрмеңкелердің нәтижесінде, 222 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыс тапқан.

Бүгінгі шарада елуден астам жұмыс беруші мекеме халыққа 500-ден астам бос орындарды ұсынды. Олардың арасында ішкі істер органы, автопарк, денсаулық сақтау мекемелері, құрылыс компаниялары, білім беру мекемелері және тағы басқа бар.

1-шілдеде шыққан мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығының көмегімен 3700 адам жұмысқа орналасыпты. Ал, 1079 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша 284 адам іске кіріссе, кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына 540 адам бағытталыпты. Әлеуметтік жұмыстарға 101 азамат атсалысқан. Жалпы алғанда, осы жылдың басынан бастап, Жұмыспен қамту орталығына 6990 адам жұмыс іздеп келген екен.

Дидар Садықов, Астана қалалық Жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметінің басшысы:

– Жыл басынан бері өткен жеті жәрмеңкеден нақты нәтиже шықты деп сенімді түрде айтуға болады. Бір ай бұрынғы жәрмеңкеден бері 50-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Мұнда келген азаматтар бір уақыт ішінде он жұмыс берушімен танысып, сұхбаттасуы мүмкін. Дәл сол сәтте жұмысқа тұрып кетпесе де, жұмыс беруші мекемелердің талаптарымен танысып үлгереді.

Дәл қазір Астанада жұмысшы мамандық иелері үлкен сұранысқа ие. Елордада көптеген жаңа құрылыс нысандары салынып жатқандықтан, электр дәнекерлеуші, бульдозер машинисі, бетоншы, сылақшы сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Бізде құрылыс саласында істейтін мамандардың тапшылығы анық байқалады. Сонымен қатар, білім беру саласының мамандары да үлкен сұранысқа ие. Неге бұлай десеңіздер, мектеп не балабақшаларда жалақы аз болғандықтан, қызметкерлер жұмыстан жиі кетеді. Сол себепті, бұл салада бос орындар басқаларға қарағанда көбірек болады.

Елдос Түгелбаев, жұмыс іздеуші:

–       Бүгінгі жәрмеңкеде менің салама қатысты бір ғана жұмыс беруші мекеме бар екен. Қазір соларға өзімнің түйіндемемді тастап кеттім. Мен бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында бес жылдай мұғалім болып істедім. Екі жыл колледжде, үш жыл мектепте «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен сабақ бердім.

Астанаға көшіп келгеніме бір апта болды. «Бұл – жастарға жаңа мүмкіндіктер беретін қала» деген оймен қоныс аудардым. Өз кәсібімде жетістіктерге жетемін деген үміттемін.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: