Жеті жұмбақты шешіңіз!

19 Наурыз 2014, 06:44

Ұлыстың ұлы күні болатын ойын-сауықтың, атқарылар жөн-жоралғының түрлері мейлінше мол. Соның бірі жұмбақ айтыстары.

Ұлыстың ұлы күні болатын ойын-сауықтың, атқарылар жөн-жоралғының түрлері мейлінше мол. Соның бірі жұмбақ айтыстары. Осы ретте көпшілік Наурыз мерекесін мейлінше сезіну үшін оқырмандарымызға бірнеше жұмбақ жасыруды жөн деп таптық. Жұмбақтың жауабын тапқан адам осы сілтеменің астына пікір ретінде рет-ретімен жауаптарын қалдырсын. Барлығын дұрыс тапқан адамға бағалы сыйлығымыз бар. Ал, жұмбақтың толықтай жауаптарын ертең жариялайтын боламыз.

Бірінші жұмбақ:

Алты арқар, жеті қаз, төрт бөдене,

Кейде толы, кейде орта бір тегене.

Тұнық пенен лайдың арасынан,

Бір аққу шыға келді құсқа төре.

(Шешуі: Үркер, Жетіқарақшы, Босаға жұлдыздары, айдың толық және орта кезі, күндіз бен түн, жаңа шыққан Күн)

Екінші жұмбақ:

Атасы мен анасы,

Үш жүз алпыс бес баласы,

Он екі ауыл шамасы,

Отыз ор дуадақ,

Бес сан балақ,

Елу екі қарақшы.

(Шешуі: Күндіз бен түн, жыл тәуліктері, жылдың айлары, айдың күндері, жыл соңында артық қалып "бес қонақ" деп аталатын бес тәулік, жыл ішіндегі апталар)

Үшінші жұмбақ:

Жапанда бір айдаһар білесің бе?

Жаны жоқ қимылдарға денесінде.

Ішінде сүйектері бақша-бақша,

Жарқырар жалғыз көзі төбесінде.

(Шешуі: Киіз үй)

Төртінші жұмбақ:

Бір тоқтым бар. Егіз де таппайды, еркек те таппайды, таппай да қалмайды. Сол тоқтыдан тараған тұқымдарының да қасиеті сондай. Әлгі бір тоқтым он жылда нешеу болады?

(Шешуі: Егіз таппайды дегені – өлім-жітімін шығарып тастағаны. Еркек таппайды дегені – сойып-жемін айтқаны. Сонда бір тоқты бір-бірден ұрғашы тоқты беріп отырса, он жылда 1024 бас болмақ. Бұл – екі отар қой)

Бесінші жұмбақ:

Біреудің бір ұлы бар және қызы,

Біледі ол екеуін дүние жүзі.

Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,

Жүргенде білінбейді басқан ізі.

(Шешуі: Күн мен Ай)

Алтыншы жұмбақ:

Көтерейін десем ауыр кілем,

Көтермейін десем тәуір кілем.

(Шешуі: Жер)

Жетінші жұмбақ:

Алты ала қасқыр.

Алты бала қасқыр,

Алтауының жегені  бір таз тырна,

Таз тырнаны кішкене дейін десем,

Асықты жілігі алты қанат үйге,

Тіреу болып тұр.

Үйді кішкене дейін десем,

Алты атанға артқанда,

Бір буда уық, бір буда ши қалып тұр.

Атанды кішкене дейін десем,

Аспанмен тілдескен бәйтеректің

Бүрін жеп тұр.

Бәйтеректі кішкене дейін десем,

Таңертең ұшқан тұрымтай,

Кешке басына әрең жетеді.

Күнді қысқа дейін десем.

Таңертең қашқан сиыр,

Кешке бұзаулайды.

(Шешуі: Қыс, жаз, тәулік, Көк күмбезі, жыл санатынан артылған "бес қонақ" тәуліктері, Күн, жыл)

Бөлісу: