Алматы қаласындағы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың бейітін тазалап, қоршауын сырлап, бүтіндеп жүрген Қалдарбек Сраиловтың өнегелі ісі әлеуметтік желіде тарады.
«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында жеті баланың әкесі астындағы автокөлігін Дінмұхамед Қонаев атындағы аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігіп, үй саламын деген жер учаскесін сатып, еркін күрестен турнир ұйымдастырғанын айтты. Мұны өзі қазақтың біртуар ұлына деген құрметі деп түсіндірді.
Ертеректе Алматы облысының Кеген ауданына жолдас-жорамызбен қонаққа бардық. Үй иесі алпыстан асқан кісі екен, бәрімізден жөн сұрады. «Қай туғансың?» деді маған. Ысты екенімді айттым. Бірден төріне оздырып құрметін көрсетті. «Сен Дінмұхамед Қонаев атамызбен туыс екенсің, ол кісінің елге жасаған шарапаты жетерлік» деп мақтап ала жөнелді. Содан кейін көп ойландым. Д.Қонаев атамызға деген азаматтардың ықыласы, құрметі ерекше екені әсер етті. Мен бұл кісінің әруағы алдында қандай қызмет көрсете аламын деген ой болды. Құран оқуға басына барғанда байқадым, қараусыз қалыпты. Содан кейін жиі барып тазаллық жүргізуді, тіпті бала-шағамды ертіп алып зиярат етуді ғадетке айналдырдық. Сондай кезекті сенбілік жұмысын жасап жүргенімізді бір кісі телефонына түсіріп алып әлеуметтік желіге жүктеп жіберген екен. Көпшілік содан көріп құлағдар болды, - деді ол.
Қалдарбек Сраиловтың сөзіне қарағанда, тапқан табысының бір бөлігін турнирге керек-жарақты алу үшін жұмсайды екен.
Қазір өзім құрылыс саласында техника жүргіземін. Күнделікті табысым да тәуір. Бала-шағамның тамағынан, киім-кешегі, керек-жарағынан артылған қаржыны Қонаевтың турнирін өткізу үшін жинаймын. Бір айда медальдарды сатып алам, екінші айда кубоктарды сатып алып түгендеймін дегендей. Бір жыл бойы осылай дайындық жасаймын.
Дінмұхамед Ахметұлының «Ақиқаттан аттауға болмайды» және «От Сталина до Горбачева» деген кітабы 1994 жылдан бері қайта басылмаған екен. Осы кітапты өзімнің қаражатыма шығартып, еліміздің мектептеріне тегін таратуға мұрындық болып, ауқымды істі атқардым, - деді кейіпкер.
Сонымен қатар волейбол мен бәйгеден де жарыстар ұйымдастыруға атсалысып жүр екен.
Қараша айында Алматы қаласының Наурызбай ауданында желтоқсаншылар арасында волейболдан турнир ұйымдастырып, Желтоқсан оқиғасының қаһармандары, тәуелсіздік қарлығаштарының қатысуымен тартысты дода болды.
Былтыр Дінмұхамед Қонаев атамыздың туғанына 110 жыл толуына орай республикалық бәйге өткіздік. Бәйге басталғанға дейін жүлдеге автокөлік тігеміз деген мәрт кісілер жеме-жемге келген нәмірттік көрсетіп, тайқып кетті. Амал жоқ, елге жариялап қойған соң өзімнің күнделікті қажетіме жарап жүрген 2019 жылы шыққан Renault Sandero авткөлігімді аламан бәйгенің басты жүлдесіне тіктім. Топ бәйгеде топ жарған жүйріктің иесіне Дәурен Үмбетов автокөлік тарту етті, - дейді Қалдарбек Сраилов.
Қалдарбек Сраилов жанашыр адамдардың қолдауымен Қонаевтың бейіті жерленген жердегі орындықты, айналасын ретке келтіріп, мәрмар таспен қапталғанын айтты.