Жер сілкінісінен соң Алматыдағы баспана бағасы төмендей ме? Мамандар не дейді?

25 Қаңтар, 12:10 2722

Алматыдағы жер сілкінісінен соң алып шаһардағы үй бағасы өзгереді деген сыбыс бар. Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі ең қымбат баспана оңтүстік астанамызда. Енді тұрғын үйдің құны құлдырамаса да, біраз төмендейді деген болжамдар айтылып жатыр. Ал бұл қаншалықты рас? Мамандар не дейді? El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сарап жүргізіп көрді. 

Nur.kz тілшісіне сұхбат берген Қазақстандағы риелторлар қауымдастығының вице-президенті, жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Лариса Степаненконың айтуынша, әзірге баға туралы айтуға ерте. Себебі үйлердің жапа-тармағай сатылымға қойылып жатқаны байқалмайды.

Үйлер бірден сатылымға қойылады деп ойламаймын. Әрине, мұндай шешім қабылдап жатқандар да кездеседі, себебі тұрғындарда қорқыныш бар. Мұндай толқудың болуы заңдылық. Мұндайда жер учаскелері мен жеке үйлерге сұраныс артатыны анық, - деді Қазақстандағы риелторлар қауымдастығының вице-президенті.

Лариса Степаненконың бұл салада тәжірибесі мол. Ол Алматыда бұрын болған зілзаладан кейінгі тұрғын үй бағасының өзгерістерін ескеріп айтып отыр. Сондықтан дәл сол сценарийдің қайталануы ғажап емес.

Ол кезде жер учаскелері мен жеке үйлерге сұраныс артып, тиісінше баға өсті. Екінші нарықтағы үйлердің бағасы тұрақты болады деп ойлаймын. Ал құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлерге қатысты нақты бірдеңе айту қиын. Себебі әлеуметтік желіде биік үйлерде жарықшақтар пайда болғаны туралы түрлі видео жүр. Бұл өз кезегінде сұраныстың төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін, - деді Степаненко.

Ал алматылық риэлтор Геннадий үй нарығында жылда желтоқсан мен қаңтар айлары тыныштық маусымы саналатынын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, әзірге агенттікке үйдің бағасын түсіру немесе өсіру туралы өтінішпен ешкім жүгінбеген.

Тұрғын үй нарқына бұл жағдай әсер етеді деп ойламаймын. Бұрын қалай сатылса, солай сатыла береді. Жұмыста да даурығу байқалған жоқ. Бәлкім үрейі ұшқан алматылықтар бұдан былай қозғалатын шығар, әзірге тыныш, - деп пікір білдірді Геннадий.

Сөйте тұра БАҚ беттерінде жеке үйлерге шынымен де сұраныс арта бастағаны туралы ақпарат тарауда. Сарапшылар көпқабатты үйден жеке секторға көшу үрдісі негізінен пандемия кезінде қарқын алғанын айтады. Осы орайда Лариса Степаненко көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарындағы пәтерлер туралы ойын ортаға салды.

Жоғары қабаттар қай кезде де арзандау болатын. Зілзала саудаласу кезінде сатып алушының бағаны төмендетуді сұрауына тағы бір себеп болады. Пәтер иелері де мұны ескеретін шығар, - дейді қауымдастықтың вице-президенті.

Krisha.kz сайтының дерегінше, жеке үйлер мен саяжаларды тәулікке жалға алуға қатысты сұраныс артқан. Жер сілкінісінен соң бір тәулік ішінде сұраныс бірден төрт есе өсіпті. Дегенмен сарапшылар мұның уақытша құбылыс екенін тілге тиек етті.

Әзірге жылжымайтын мүлік сату платформаларында да тұрғын үйлердің бағасына қатысты күрт өзгеріс байқалған жоқ. Жалға берілу құны да дәл солай.

Рас, Қазақстанда, әсіресе Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистерде тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны жоғары. Алайда олардың сапасына қатысты мәселе әлі де өзекті. Былтыр осы уақытта Түркияда болған жойқын зілзаладан соң бұл тақырып тағы да көтерілген. Бірақ соның өзінде бұл жайт Алматыдағы бағаның төмендеуіне себеп бола алған жоқ. Енді үкіметтегілер сапа жағын қайта көтеріп жатыр.

Ал Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев тұрғындарды үйлердің сейсмикалық қауіпсіз екенін айтып сендірген. Әкімнің сөзінше, 2017-2018 жылдары шаһардың сейсмикалық картасы жасалып, 10 балға дейін жер сілкінісі болуы мүмкін арнайы аймақтар анықталған. Енді 2024 жылдың соңына дейін барлығы 16,7 мың нысан тексеруден өтеді. Қауіпті деп танылған жерлерде тұрғын үйлер емес, қоғамдық кеңістіктер салынады.

Жалпы, еліміз бойынша бірінші нарықтағы тұрғын үй бағасы 6,7%-ға өссе, екінші нарықтағы үйлердің құны 1,8%-ға артқан. 2023 жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша, екінші нарықтағы үйлердің бағасы 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға төмендеген.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: