Жеңіске қосқан үлес: ұрпақ жадындағы мәңгілік естелік

Бүгiн, 11:43 193

Майя Бекбаеваның фотоальбом-кітабы Президенттік орталықта таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2025 жылғы 23 сәуірде Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Майя Бекбаеваның «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі. 1941–1945» атты фотоальбом-кітабының тұсаукесері өтті. Бұл айтулы шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды және Eurasian Book Fair 2025 халықаралық кітап көрмесінің аясында ұйымдастырылды.

208 беттен тұратын бұл фотоальбом – архив құжаттарына, сирек суреттерге, деректі зерттеулерге негізделген құнды еңбек. Онда майдан мен тылдағы ерлік, қазақстандық батырлардың тағдыры, қарттар, аналар мен балалардың қажырлы еңбегі, өнер мен ғылым өкілдерінің үлесі кең қамтылған. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, түрлі деректі, көркем суреттермен толықтырылған.

Бұл жоба – Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің қолдауымен жүзеге асқан. Майя Бекбаева осы тақырыпта дайындаған деректі фильмдер негізінде дайындалған еңбек.

«Тарих – ұлтты ұйыстыратын рухани өзек»

Баспа саласында 23 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеміз. Негізгі бағытымыз – оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен танымдық әдебиеттерді әзірлеу. 2018 жылдан бері еліміздің мектептерін Ekitap.kz атты цифрлық платформа арқылы оқыту жүйесіне қостық. Дегенмен соңғы жылдары біз тарихи жад, ұлттық рух, азаматтық тәрбие сияқты терең мәні бар тақырыптарға бет бұрдық. Себебі, бұл – ұрпақ тәрбиесіне салынған рухани инвестиция. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ұлттың дамуы өткенін танып, болашағын бағдарлай білумен тікелей байланысты. Сондықтан да біз Жошы хан туралы алғашқы кітабымыздан кейін, келесі жобамызды Ұлы Жеңіске арналған тарихи еңбекпен жалғастырдық. Бұл – кездейсоқ шешім емес. Біз үшін баспагерлік – тек кітап шығару ғана емес, ұлтқа қызмет етудің бір жолы, - дейді баспаның бас директоры Дидара Алина

«Кітап – үнсіз куәгер. Ал біздің парыз – оны сөйлету»

Президенттік Телерадиокешеннің тапсырысымен бірнеше деректі фильм түсірдім. Әрбір түсірілім – тарихпен тілдесу еді. Ол фильмдердің жалғасы ретінде туған бұл кітап – Жеңіс жолындағы ұлы күрестің шынайы бейнесін, қарапайым адамдардың ерен ерлігін жеткізуді мақсат етті. Бұл еңбек – тек дерек емес. Ол – тағзым, алғыс, елжандылықтың көрінісі. Бұл кітапты парақтаған әрбір оқырман өз ата-бабасының ізі мен үні естілсе екен деген тілекпен жазылды, - дейді кітап авторы, журналист Майя Бекбаева.

«Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі» кітабы – «Тарих тағылымы» атты топтаманың екінші басылымы. Кітап мектептерде, кітапханаларда және цифрлық форматта қолжетімді болады. Бұл жоба арқылы «Arman-PV» баспасы ұлттық сана мен тарихи танымның дамуына үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да осындай рухани мәні зор еңбектер жалғасын табады.

EL.KZ
Бөлісу: