Жеңіс Қасымбек: Құрылысы ұзаққа созылған 30-дан аса тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті тұр

12 Ақпан 2023, 14:10 1009

Астана қаласының әкімі үлестік құрылыс нысандарын аралады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек үлестік құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі қала басшысының  Instagram  парақшасына сілтеме жасап.

«Үлестік құрылыс нысандарын аралауды жалғастырамын. Төрт көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар: «Мирный дом», «Тұран Сығанақ», «Территория комфорта-1» (2 кезек), «Хазар». Үлескерлердің жалпы саны 1200-ден астам отбасыны құрайды. Нысандардың өткен тарихы әртүрлі. Мәселен «Мирный дом» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалы деп танылған, нысанды «Елорда құрылыс компаниясына» тапсырар кезде құрылысы нөл деңгейінде болатын, - деді Жеңіс Қасымбек.

«Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені (2 кезек) тіптен апатты деп танылып, үйлердің блоктары бұзылды. Тиісінше құрылысы басынан қайта басталды. «Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, пәтер кілті үлескерлеріне тапсырылды. Қазір екінші кезек бойынша жұмыс жүріп жатыр.

«Осыған дейін әкімдік құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Дегенмен алдымызда тағы 30-дан аса тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті тұр, онда мыңдаған үлескер отбасы өз пәтерін жылдар бойы күтіп жүр. Құрылыс сапасына ерекше назар аудара отырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырдым. Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау - әкімдіктің басты міндеттерінің бірі», - деп жазды елорда әкімі.

EL.KZ
Бөлісу: