Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Жағалау шағын ауданы қалай дамитынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Instagram парақшасында жазба жариялаған әкім Жағалау шағын ауданы - қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандарының бірі екенін атаған.
Мұнда үлкен жұмыстар орындалуы қажет: әлеуметтік нысандар салу, жол-көлік инфрақұрылымы, жарықтандыру жүргізу, абаттандыру мәселелері және т.б.Қаланы аралау барысында бірнеше орынға бардым. Маңызды мәселелердің бірі - мектеп салу. Нұра ауданының өзінде «жайлы мектеп» жобасы бойынша 2024-2025 жылдары 9 мектеп салынады. Абаттандыруға тоқталар болсақ, биыл «Нұра» ауданында 5 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Олардың бірі - «Жағалау» тұрғын үй кешенінің маңында жылдар бойы бос жатқан учаске абаттандырылды.Онда автотұрағы бар 12 қабатты көпфункционалды кешен салу жоспарланған болатын. Сол сияқты Айтматов көшесінің бойында көгалдандыру жұмысы қолға алынды. 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды. «Шығыс» тұрғын үй кешенінің артындағы Бином мектебіне дейінгі көшелердің (Е-12 ,Е-14, Е-15, Е-32, Е–35) құрылысы аяқталды. Онда шаруашылық-тұрмыстық кәріз, нөсер кәрізі, су құбыры жабдықталған, жарықтандыру кабельдері ішінара төселген. Дегенмен, шағын ауданда жарықтандыру мәселесі әлі де бар - желілердің бәрі балансқа берілмеген. Біз оларды кезең-кезеңімен қаланың балансына қабылдаймыз. Көктемде көше құрылысы, аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, көгалдандыру және т. б. жұмысты жалғастырамыз, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.