Жеңіс Қасымбек Астанадағы су мен жылу мәселесін қалай шешетінін айтты

9 Сәуір 2023, 13:53 1585

Астана қаласының әкімі «Атамекен» телеарнасына берген сұхбатында су, жылу мәселелері қалай шешіліп жатқаны туралы түсіндіріп берді, деп хабарлайды деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Астанада тұрғындар саны күн санап көбейіп келеді. Ресми түрде қаламызда 1 млн 350 мың адам тұрады, 1,5 млн-ға ақырындап жылжып барамыз. Міне осыған байланысты өзіне тән проблемалары бар. Ең өзекті мәселелердің бірі - коммуналдық мекемелердің жұмысы, яғни жылу, су мәселелері бар. Соңғы апталар ішінде қала тұрғындары тарапынан су мәселесі ерекше көтеріліп келеді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Қала басшысы сөзін жалғай отырып, аталған мәселелерге тоқталып өтті.

«Былтыр Астанада 3 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Тиісінше бұл жылумен қамту мәселесінің шешілуін талап етеді. Осы мақсатта тиісті жұмыс жүріп жатыр. Биыл екі газ жылу станциясы іске қосылады. Ол екі станция 600 гигакалория жылу береді. Бұл жұмысты тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл аяқталады. Ол - бес қазандық. Бұл қосымша 400 гигакалория жылу береді. Осылайша 1000 гигакалория болады. Бұл алдағы үш-төрт жылға жеткілікті болады», - деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Әкім өз сөзінде соңғы уақыттары жұртшылық тарапынан жиі қозғалған су мәселесіне ерекше тоқталып өтті.

«Екінші мәселе - су мәселесі. Биыл сорғы-cүзгі станциясын құрлысын аяқтаймыз. Бұл қосымша тәулігіне 100 мың куб.метр су беретін болады. Қазір 25 мың куб.метр көлемінде жетіспеушілік бар. Ол жетіспеушіліктің орнын толтырып, қосымша 75 мың куб.метр су бермек. Тиісінше, алдағы уақытта ешқандай шектеулер болмайды. Су толық қысыммен берілетін болады. Бірақ қосымша осындай үлкен нысандардың құрылысын бастауымыз керек», - деді әкім.

EL.KZ
Бөлісу: