1941 жылдың 12 шілдесінен Қазақстан аумағында жалпы әскери және атты әскер дивизиялары құрыла бастады. Ал қараша айынан ұлттық (қазақ) құрамалар жасақтала бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақ КСР-інде 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және түрлі әскерден құралған 50-ге жуық жеке полк пен батальон жасақталды. Олардың қатарында үш атты әскер дивизиясы мен екі атқыштар бригадасы қазақ әскери құрамалары болды.
Фашистердің алғашқы соққысына төтеп беріп, жауға қарсы тұрғандардың қатарында Брест қамалын қорғаған шекарашылар еді. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Іздеу топтарының деректеріне сәйкес, қамал қорғанысы барысында Қазақстаннан шақырылған 700 жауынгер қаза тапқан. Қамалдағы Мәңгілік алау маңында алты қазақстандықтың есімі жазылған.
Мәскеуді қорғауда қазақстандық 316-шы, 238-ші, 312-ші және 387-ші атқыштар дивизиялары, сондай-ақ 75-ші теңіз атқыштар бригадасы ерен ерлік көрсетті.
Мәскеу үшін шайқаста Алматыда жасақталып, генерал Панфилов басқарған, аты аңызға айналған 316-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Дубосеково разъезі маңындағы шайқаста 28 панфиловшы Мәскеуге бет алған жаудың танк колоннасын тоқтатты.
Панфиловшылардың ерлігі Ресей астанасының әнұранында да шырқалады: «Ғасырлар бойы сенің батыр 28 ұлың мәңгі өмір сүреді…».
Ленинград қорғанысы мен блокаданы бұзу операциясына Қазақстаннан шыққан 310-шы және 314-ші дивизия белсене қатысты. Олар Синявин биіктігінде, Нева жағасында 900 күнге жуық шайқасты, Ладога көлі арқылы азық-түлік пен оқ-дәрі жеткізген жүк көліктерінің қауіпсіз жолын қамтамасыз етті. Бұл жол кейін «Өмір жолы» деп аталды.
Сталинград шайқасына Қазақстанда құрылған бес атқыштар дивизиясы, бір атты әскер дивизиясы, бір теңіз атқыштар бригадасы, миномет полкі және жеке көпір салу батальоны қатысты.
Жамбылдық 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград түбіндегі шайқастарда айтарлықтай үлес қосты. 1942 жылдың қараша-желтоқсан айларында дивизия жаудың Котельниково қаласын басып алу әрекеттерін тоқтатып, сол маңда Паулюстің қоршаудағы армиясына көмекке ұмтылған жау әскерлері барын әшкереледі.