Жеңілдетілген автонесие: Өтініш беру қашан басталады?

14 Наурыз 2023, 12:26 3252

Су жаңа темір тұлпарды тізгіндегісі келетіндердің қатары көп. Бүгінде төмен пайызбен және бастапқы жарнасыз жеңілдетілген автокөлікке қол жеткізуге болады. Алайда бұл бағдарламаның артықшылығы мен кем тұстары да бар. Жеңілдетілген автонесиені алуда нені ескеру керек және шарттары қандай? El.kz ақпараттық агенттігі осы және өзге де сауалға жауап алу үшін сарапшыларды сөзге тартты.   

Еске сала кетейік, жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айында басталды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерге 100 млрд теңге бөлінді. 2023 жылдың 6 ақпанында жеңілдетілген автонесиеге өтініш берген 761 азаматтың автокөлікке қолы жетті. Астана уақытымен сағат 10:00-де жұмысын бастаған ресми сайтқа секундына 10 мыңнан астам өтініш түсіп, 18 секунд ішінде несие алу кезегі аяқталды. "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ келесі өтініш беру кезеңі әлі белгісіз екенін айтты. Ақпан айында болған кейбір олқылықтың орнын толтыру мақсатында кешеуілдеп жатқанын алға тартты.

Бағдарлама көліктің қымбаттауына себеп болды

Сарапшы Ернар Серік автонесие тек сол арзандатылған несиені алушы адамдар мен көлікті құрастыратын компанияға тиімді деп отыр.

Ал қалған халық тек көліктің қымбаттағанын көреді. Жоғары импорттық баж салығы, утильалым және жеңілдетілген автонесие елдегі автомобильдердің бағасын қымбаттатып жатыр. Жаңа көлікке елде сұраныс көп. Халықтың жартысынан көбі тозған ескі көлікпен жүреді. Жұрт оны амалсыздан сатып алады, – дейді сарапшы.

Ал сарапшы Нұрмұхаммед Маманов аталған бағдарламаны тиімді деп есептейді. Соңғы жылда енгеніне қарамай, несие алушылардың сұранысы артқан.

Бұл өз кезегінде осы бағытта елімізде болып жатқан бірқатар мәселені тиімді шешуге жол ашуда. Жолдағы ескі көліктер базасын жақсартып, жаңалауға мүмкіндік береді. Яғни, жол апаты және қайғылы жайттардың санының азаюына септігін тигізеді. Бүгінде Алматы, Шымкент, Астана сынды ескі автөкөлік базасы бар қалалардағы экологиялық проблеманы да шешуге септігі тимек, – дейді.

 

Сарапшыдан бағдарламаның халыққа қандай пайдасы барын сұрадық. Оның пікірінше халыққа аса тиімді бағдарламаның бірі және бірегейі.

Егер 4 пайызбен несиелендірілген автокөлік алатын болса, халықтың күнделікті қалтасына да салмақ түсірмейді және жаңа көлікке қол жеткізе алады. Десе де, қағазда жазылғандай немесе бізге айтылып жатқандай, керемет бір іске асып жатыр деп айтуға болмайды. Автонесиелендірудің сайтына байланысты белгілі бір мәселелер туындағанын білесіздер. Мәселен, 18 секундта несие алу кезеңі аяқталды немесе он минутта 125 мың адам кірді және 761 адам көзді ашып-жұмғанша қалай алды деген сияқты көптеген сұрақтар бар. Бұл қаншалықты әділетті деген сауалдар көкейде тұр. Осы мәселелер бойынша автонесие сайтының жасақтаушыларынан әлі де мардымды жауап алмадық. Сәйкесінше, көпшілік арасында теріс көзқарастың туындауына алып келді, – деді ол.

Сондай-ақ, ел ішінде осыған қатысты сыбыс көп екені де рас. Мәселен, бірі ақша беру арқылы кезексіз өтті десе, енді бірі алған адамдардың кезектерін сату деген сияқты қауесет әңгіме көп.

Әрине, автонесиелендіруді жүзеге асырып жатқан тараптың ел арасындағы сыбыс пен бірқатар фактілерге қатысты тікелей жауап бермеуі сенімсіздік туғызады. Сондықтан, бағдарламаның жүзеге асуына байланысты әлі де жолға қойылмаған тұстары көп.Тағы квоталар бөлінуі керек, – дейді сарапшы Нұрмұхаммед Маманов.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау үшін арнайы платформа бар. Қордың мәліметінше, өтініш қабылдауға лимит біткен кезде, платформа өтініш қабылдамайды. Лимитке жеткеннен кейін өтінім қабылдау автоматты түрде аяқталып, өтініш беру функциясы істен шыққан. Бірінші минутта сайтқа 125 мың адам кірген.

Автокөліктің бағасына пандемия әсер етті

Экономист Сапарбай Жубаев пандемия кезінде автокөлікке деген сұраныс көп болғанын тілге тиек етті. Айтуынша, сұраныс әлі азайған жоқ.

Бүгінде елімізде автокөліктің бағасы шарықтап тұр. Бұған әсер еткен пандемия болса, екінші жағынан байланыс үзілгеннен кейін машина өндіру азайды. Қазіргі таңда бұл мәселенің орнын толтыру үшін утильалымды іске қосты. Яғни, шетелден келетін көліктерге төлемді ұлғайтқаны үшін одан сайын қымбаттады. Халықтың талабы бойынша утильалымды азайыттық. Дегенмен елдегі көлікке деген сұраныс азаяр емес . Осы екі мәселенің әсерінен халыққа жәрдем беру мақсатында 100 млрд теңгені тұрғындарға 4 пайызбен несие ретінде беруге шешім қабылданды, – дейді экономист.

Сарапшы бұл бағдарламаның дұрыс екенін айтты. Себебі автомобиль өндірісінің қарқын алуына әкеледі. Көлікті қолма-қол ақшаға алуды қалтасы көтере бермейтіндер төрт пайызбен несиеге ала алады. 

Бір жағынан өндірілетін жеңіл көліктерге сұранысты көбейтеді. Былтыр елімізде 70-80 мың көлік шығарылды. Ал биыл 100-120 мыңға ұлғайтылмақ. Бұл дұрыс. Десе де оны жүзеге асыру өте қиын. Естеріңізде болса, 18 секундта өтініштердің барлығы қабылданып, сайт жұмысын тоқтатты. Осыдан көбісінің бағдарламаға деген сенімі азайды. Әдетте мұндай жұмысты көлік сатушылар және көлік өндірушілеріне немесе мемлекеттік емес ұйымдар қауымдастығына берсе, оң шешімін табар еді. Мемлекет бизнеске араласқан кезде, жақсы бір нәтиже көрсетуі қиын. Әрине, мұндай олқылықтар уақыт өте түзелер, – деді экономист Сапарбай Жубаев.  

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: