«Жемқорлықтың көкесі жатқан жоқ па?». Саиров Смайыловтың жұмысын сынға алды

12 Маусым, 12:24 635

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан темір жолының» қаржылық жағдайы өте мүшкіл. Біріншіден, шындықты айту керек, бұл жағдай сіз премьер-министр болған кезде ушығып кетті. Сондықтан сізге сыпайы сұрақ қояйын. Сол кезде осы мәселемен неге айналыспадыңыздар? Екіншіден, сіз ұсынған есептің 4-қосымшасында қызмет бабында пайдалану үшін, яғни құпия деген мәртебе берілген. Бұл ірі (қаржылық – ред.) заңбұзушылықтарға анықталған бөлімдер. Мұнда «Қазақстан темір жолына» қатысты болып тұр. Неге осы деректер құпия деректер қатарына жатқызылған? «Қазақстан темір жолына» қашан біз қоғамдық бақылаудың тетіктерін енгіземіз? Осы 9-қосымша бойынша қанша материал құқық қорғау органдарына берілді? Сіздер жауып қойған «жабулы қазанның ішінде» жемқорлықтың «көкесі» жатқан жоқ па?, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бұл мәселе бұған дейін де көтерілгенін және «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиісті тапсырмаларды беріп, жұмысты талап еткенін айтты.

Бірақ қабылданып жатқан шаралар толық көлемде жүрмей, тиімсіз болып жатыр. Сондықтан бұл мәселені тағы көтеруге мәжбүрміз. Енді аудиторлық іс-шараларды жүргізу барысында біз кейбір мәліметтерді уәкілетті органдардан сұрадық. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитеті және Табиғи монополияларды реттеу комитетінен, «ҚТЖ-ның» өзінен кейбір мәліметтер тек «қызмет бабында пайдалану үшін» деген гриффен келді. Бұл мәліметтерге мұндай грифтің қойылуы салалық заңнамаға байланысты. Сондықтан біз пайдаланылған аудиторлық материалдарға осындай грифті қоюға мәжбүр болдық. Негізі бұл мәліметтер құпия емес, бұл тек жариялауға шектеу қойылған мәлімет. Дегенмен бұл 4 қосымша есепке қосылып, сіздердің қарауларыңызға жіберілді, - деді Әлихан Смайылов.

Миражан Махан
Бөлісу: