Желтоқсан көтерілісі тұсында елді басқарған Колбиннің ит өлімі

18 Желтоқсан 2023, 13:01 20863

Қазақ КСР компартиясының орталық комитетіне 1986 жылдың 16 желтоқсаны мен 1989 жылдың 22 маусымы аралығында хатшылық еткен Геннадий Колбиннің есімі елдің есінде жақсы істермен қалмағаны анық.

Ал оның өлімі тіптен аянышты. Қазақстанды 2,5 жыл басқарған Колбиннің соңғы қызметі — КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағасы. Арада бір жыл өткенде яғни 1990 жылы зейнетке шықты.
73online.ru порталының жазуынша, зейнетке шыққан соң, ол Мәскеудің қақ ортасынан екі кең пәтер алып үлгерген. Оның біреуінде өзі тұрса, екіншісін қызына берген. Зейнеткер Колбин уақытының көп бөлігін пәтерінде өткізіпті. Көшеге аз шығатын болған. Тіпті, газет-журнал оқуды азайтқан. Көршілерімен де сөйлесуден қалған. Ульянов облысын басқарған тұсында көмекшісі болған Самсонов бірде қонаққа келгенде, бұрынғы бастығының қатты өзгергенін байқапты. Баяғы белсенді адамнан еш белгі қалмаған. Ештеңе айтпайды, күні бойы төсекте жатқаннан басқа ештеңе істемейді, тіпті адам баласын көргісі келмейтінін де түсініпті.

Ол өмірден 1998 жылы өтті. Өлімі де соңғы жылдардағы тағдырындай аянышты аяқталды. Немересін көріп қайту үшін метромен қызының үйіне кетіп бара жатады. Сол кезде пойыздың ішінде, 71 жасында жүрек соғуы тоқтап қалады.

Өліп қалған Колбинді бес күнге дейін ешкім іздемеген. Дәрігерлер бұл уақытта оның мүрдесін сойып, неден өлгенін анықтап қойды. Іздеуі жоқ, қаусаған шалды дәрігерлер қаңғыбастардың бірі деп ойлаған. Сосын медицина университетінің студенттері денесін сойып, түрлі эксперименттер жасауға пайдаланған. Кейін артында сұрауы жоқ марқұмдардың моласына жерлемек болған еді. Бірақ ақтық сапар алдында милиция қызметкерінің бірі әлгі мәйітке бір қарап, кім екенін танып қойған. Бір кездері Қазақстан орталық компартиясына бірінші хатшы болған Колбин екені анықталады. Құқық қорғау органдары жақындарын тауып, мәйітті туыстарына берген.

Тура сол 1998 жылдың аяғына қарай жұбайы Софья да дүние салды.

Алмас Абылай
Бөлісу: