Желіде үстін мұз басқан өрт сөндірушілердің суреті тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұмыс істеген өрт сөндірушілердің суретін жариялады.
Суреттен Ақмола облысы Төңкеріс ауылындағы үйлердің бірінде болған өртті сөндірген өрт сөндірушілердің үстін мұз басқанын көруге болады.
Өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі. Целиноград ауданының өрт сөндірушілері өртті сөндіргеннен кейін, - деп жазды Ақмола облысы ТЖД.
Айта кетейік, Ақмола облысында ауа температурасы күндіз -25-30 градусты көрсетсе, түнде -35-40 градусқа дейін жетеді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жолда абай болуды ескертті.