Жеке өмір мен сахнаны шатастырып жүрміз – Саят Медеуов

10 Тамыз 2023, 12:11 1470

Танымал әнші Саят Медеуов сахнада білгенін істеп, кез келген әнді айтып шығатындарға шүйлікті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Медеуов оларға қазір шектеу қоймаса, оның салдары ауыр болатынын алға тартты. Ортақ талаптың жоқтығынан әндерде бейәдеп сөздер де көбейген, ал оны үлкен де, жас та, бала да тыңдайтынын ұмытпау керек дегенді айтады. 

Әндерде айтуға ұялатын сөздер бар. Сол әндерге рұқсат беріп отырғаннан кейін, меніңше, біздің мемлекетке бәрібір секілді. Былайша айтқанда, бет-бетімізбен кетіп жатырмыз. Білгенін жасап жүргендер бар, бұған тезірек тосқауыл қоймаса, ертең кеш болады, өкініп қаламыз, - деді әнші.

Оқи отырыңыз:

Сонымен қатар Медеуов өнер халықты дұрыс тәрбиеге шақыратын сала болуы керектігін тілге тиек етті.

Халықты дұрыс тәрбиеге баулитын – өнер: әдебиет, театр, ән, би. Кім не айтқысы, не кигісі келеді – соны жасап жатыр, - деді ол.

Ал тілшінің «мұның бәрі аңсаған ашық қоғамның белгісі емес пе? Қазақстанға Солтүстік Кореяны әкелгіңіз келе ме? деген сауалына Саят Медеуов:

Халықты тобыр демей ме, бірақ тобыр екенбіз деп өз-өзімізді жамандыққа итермелей берсек, не болады? Жеке адам қыдырғысы, жүргісі, көңіл көтергісі, ойнап-күлгісі, ішкісі келетін шығар. Ол жеке өмір, онда менің шаруам жоқ. Ал оның бәрін сахнаға алып шығу – қателік. Сахна – басқа дүние. Біз ойлағандай еркіндікке итермелейтін дүние емес. Өз үйіңде не киіп, не айтасың – жеке шаруаң. Меніңше, адам отбасында отырып жаман сөз айтпайды. Еркіндікті қуаласақ, онда отбасымызда да оттап отыра берейік. Отбасыңның, ата-анаңның алдында жаман сөздер айтпайсың ғой. Ендеше неге оны елге айтасың? Елге дұрыс үлгі көрсетпейтін өнер адамдары кінәлі. Өнер мен өмірді шатастырып жатырмыз, - деп ашынды әнші.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: