10 Наурыз 2015, 05:49
Өз ретінде мұрағатта жетпіс жылдан бері сақталып келген құжаттардың негізінде Жеңістің 70 жылдығына арналып «Мұрағаттар сөйлейді» деген кітап жазылуда. Оған соғыс жылдары Ақмолада жасақталған 29-шы, 310-шы, 387-ші дивизиялардың және 106-шы ұлттық кавалерияның құжаттары арқау болмақ. Құжат болғанда да кешегі қан майданда елі мен жерін жаудан қорғағандардың тізімдері, дерективалар, бұйрықтар, мәліметтер, фотосуреттер, жеке хаттар. Ал, акция аясында майдангерлерге қатысты қандайда бір тарихи құжат тапсырушыларға қалалық мұрағаттың есігі ашық. Өйткені, майдангерлердің естеліктері, өмірбаяндары, жауынгерлерді марапаттаған құжаттар мұрағат қорын толтыруға ғана емес, тарихшылар үшін құнды деректер болуы әбден мүмкін.
Осы орайда мұрағатта сақтаудағы соғысқа қатысты құжаттардың біразы жөнінде мағлұмат берудің артықтығы болмас. Мәселен, мұнда «Қызыл Армияға жылы киімдер жинау туралы» хаттама бар. Тұтқиылдан басталған соғысқа Совет Армиясы дайын болмағандықтан, тылдың майдандағы солдаттарды керек-жарақпен қамтығаны жөніндегі құжаттар мұрағатта күні бүгінге дейін сақталған. Сондай-ақ, Астана қаласының мемлекеттік мұрағатынан «Мылтық атып үйрену сабақтары» секілді сол кездегі аса қажетті материалдарды кездестіруге болады. Майданға баратындар ғана емес, соғыс уақытында мылтықты пайдалану кез келген азаматқа тиісті шаруа екені айтпаса түсінікті. Мылтық атып үйрену сабақтарының белгіленген кестесі де көрсетілген екен мұрағат құжатында.
Мұрағат қорындағы майданға қатысты құжаттардың ішінде эвакуация жөнінде біраз дерек бар. Қатал режимді талап еткен шұғыл орналастыру, азық-түлікпен қамту, кейбір өнеркәсіп тауарларына карточкалық жүйені енгізу жөніндегі шешімдерді кездестіруге болады. Соғыс басталғанда Ақмола қаласына мина және граната өнімдерін шығаратын №317 зауыт көшіріліп әкелінген екен. Өз кезінде бұл секілді мәліметтер құпия болған шығар. Ал, қазір мұрағат қорындағы өзге де құжаттардың қатарынан орын алған сол өнімдердің жоспарлары белгіленген жазбалар сақтаулы тұр.
1942 жылы «Казахсельмаш» зауытын салу туралы Ақмола қалалық атқару комитетінің шешімі, Ақмола станциясында эвакуациялық орталық құру жөніндегі тарихи құжаттар да бар мұнда. Тіпті, олардың ішінде Қызыл Армия қажетіне жылқы жөнелту жөніндегі қағаздар тіркелген.
Осылайша, соғыс кезіндегі күнделікті қарапайым құжаттар бұл күні мұрағат қорына айналған.
Ақмола облысы бойынша соғыстан қайтпағандар саны – 33950 адам. Ал, оның 16641-і хабарсыз, яғни, қай майданда болғандары, қай жерде қаза тапқандары, жерленген жерлері белгісіз қалған жауынгерлер. Хабарсыз кеткен майдангерлерді табу мақсатында «Мемориальная зона» атты іздеушілер отрядының тыңғылықты жұмыстарының арқасында 310-шы атқыштар дивизиясына қатысты біраз мәліметтер, бұрын белгісіз болып келген көптеген солдаттар мен командирлердің есімдері анықталды. Қалалық мұрағатта сақталған эксгумациялық карталарда ол жауынгердің жеке заттары мен қарулары да сипатталған. Сондай-ақ, хаттамада қайта жерленгендердің зираттарының сызбасы көрсетілген. Мұрағат құжаттарынан қазба жұмысының барысында топырақпен көміліп қалған траншеялардан табылған мүрделерді сипаттауға мұқият болғандықтарын байқауға болады. 1991 жылдың 8 мамырында Ресейдің Тортолово-Гайтолов шатқалындағы Апраксин стансасының маңынан археологиялық әдіспен бір траншеядан 1000-нан артық адамның мүрдесі табылғандығы туралы ақпарат (482 қор, 1 тізімдеме) сақталған дәл осы қордағы келесі құжатта.
Астана қалалық мұрағаты жариялап отырған бұл акция Ұлы Отан соғысы жөніндегі деректердің сәл де болса толығуына үлес қосатыны сөзсіз.
Шара БАТТАЛҒАЗИЕВА,
Астана қаласы мемлекеттік мұрағаты құжаттарды
жариялау және пайдалану бөлімінің қызметкері